Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандықтар үшін 2024 жылдың қыркүйегі несімен есте қалды: Басты оқиғаларға шолу

Қыркүйектің басы қуанышты басталғанымен, соңы жаға ұстарлық оқиғаларға толы болды. Алғашында паралимпиадашылар 9 жүлде әкеліп қуантты, артынша Дүниежүзілік көшпенділер ойынында жалпы есепте бірінші орынды иеленді. Бірақ елімізде жастар арасында өзіне қол салудың 6 жағдайы тіркелді, әскерде де өзіне қол жұмсап, мерт болған сарбаздардың оқиғасы халықты алаңдатып қойды. Stan.kz ақпарат агенттігі бұл айда болған маңызды оқиғаларға шолу жасады. 

Тоқаевтың жолдауы: АЭС бойынша референдум, әкім сайлауы

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2 қыркүйекте еліміздің саяси және әлеуметтік-экономикалық даму перспективаларына қатысты "Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм" атты жолдау жасады. 

Жолдау аясында ел арасында талқыланып жүрген АЭС салу жөніндегі референдум 6 қазанда өтетінін мәлімдеді. Республикалық референдумға шығарылған мәселе бойынша шешім дауыс бергендердің жартысынан астамы, яғни 50 пайыздан көбі оң жауап берсе, қабылданады.

Бюллетеньде "Сіз Қазақстанда атом электр станциясын салуға келісесіз бе?" деген бір ғана сұрақ бар. Таңдау үшін екі жауап нұсқасы берілген:

– Иә, келісемін.

– Жоқ, келіспеймін.

Сондай-ақ президент жаңа салық кодексін кейінге қалдыруды сұрады. Содан соң Тоқаев жолдауында әлеуметтік қолдау мәселесін көтерді. 2025 жылы "Әлеуметтік әмиян" жобасын жүзеге асыруды тапсырды. Онымен қоса келесі жылы Қазақстанда 2025 жылы жасанды интеллект ұлттық орталығы ашылатынын мәлімдеді.

Жолдауда мемлекет басшысы ендігіде аудан мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдері тек тікелей сайлау арқылы сайланатынын айтты. 

Туризм және спорт министрі тағайындалды

Фото: Gov.kz

31 тамызда мемлекет басшысының жарлығымен Ермек Боранбайұлы Маржықпаев туризм және спорт министрі лауазымынан босатылды. Маржықпаев бұл қызметті тура бір жыл атқарды. Маржықпаевтың кетуіне Париж Олимпиадасындағы төмен нәтиже себеп болды.

2 қыркүйекте оның орнына Ербол Мырзабосынов тағайындалды.

Ербол Мырзабосынов бұған дейін спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы қызметін атқарды. 

Артынша Қазақстан таеквондо федерациясының жаңа президенті тағайындалды. Бұл қызметке Вячеслав Кимнің орнына Кудрәт Шамиев келді. Ал бокстан Қазақстан Ұлттық құрамасының капитаны ауысып, Асланбек Шымбергеновтің орнына Айбек Оралбай тағайындалды. 

Осыдан соң Қазақстан бокс федерациясының ұлттық құраманың жаңарған бапкерлер құрамын таныстырды.

Олимпиададан кейін бапкерлік құрам да өзгерді. Қайрат Сәтжан бас жаттықтырушы атанып, аға жаттықтырушы ретінде Асқар Еркебаев қосылды. ⁠Ілияс Оралбеков, Нұркен Андасов, Азамат Мақажанов, Талғатбек Жакпеков және ⁠Нұржан Насанов жаттықтырушылар тізімін толықтырды.

Германия канцлері Қазақстанға келді

16 қыркүйекте Қазақстанға Германия Федералды Канцлері Олаф Шольц ресми сапармен келді. Оны Астана әуежайында премьер-министр Олжас Бектенов күтіп алды. Сапар аясында Астанада жоғары деңгейдегі келіссөздер, сондай-ақ "Орталық Азия + Германия" форматындағы екінші кездесу өтті.

Protenge дерегінше, канцлердің келуіне орай 33,5 миллион теңгеге және 28 миллион теңгеге төлем жасалған. Біріншісі – бизнес-форум ұйымдастыру қызметтеріне, ал екіншісі канцлердің тамағы мен пәтеріне кеткен.

Сондай-ақ кездесу барысында Украинадағы соғыс мәселесі талқыланды. 

Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев қонақтың өтініші бойынша Украина төңірегіндегі жағдайды реттеу туралы айтты.

Тоқаевтың айтуынша, Ресей-Украина қақтығысының өршуі бүкіл адамзат үшін орны толмас зардаптарға әкеледі.  Ол екі елді келісімге келтіру мүмкіндігі әлі бар екенін айтады.

“Қытай мен Бразилия арасындағы бейбітшілік жоспары қолдауға лайық. Мемлекет басшылары келеді, кетеді, бірақ халықтар, әсіресе көршілес халықтар бейбітшілікте, өзара түсіністікте өмір сүруі керек. Біздің мемлекеттер арасында қайшылықтар ешқашан болған емес. Киевте еліміздің елшілігі жұмысын жалғастырып жатыр", – деді мемлекет басшысы.

Шольц Ресей агрессия танытып, Украинаға соғысты өзі бастағанын және әлі де соғысты өршітіп жатқанын мәлімдеді.  

Депутат харассмент жасады деп айыпталып, партиядан шықты

29 тамызда "Ақ жол" партиясы Орталық сайлау комиссиясының мәжіліс депутаты Асқар Садықовты мандатынан айырды. 4 қыркүйекте оны шығарып жіберу себебі белгілі болды. Партия басшысы Садықовтың парламент қызметкеріне бірнеше рет харассмент жасағанын түсіндірді. Дәлел ретінде хат алмасудың скриншоты жарияланды.

– Сәлеметсіз бе? Сізді, Асқар Аманбаевич, бастық шақырып жатыр. Кофе ішесіз бе?, – деп жазған парламент қызметкері.

– Иә, патшайым, бас тартуға құқығым жоқ. Сенің қолыңнан сірке суын ішсем де, ризамын. Патшайым! Нақ сенен бала сүйгім келеді. Біздің әдемі балаларымыз болады. Сен сөзсіз тамаша ана боласың. Тек перзентханаға дейін тоғыз ай бұрын жағымды нәрсе жасау керек, – деп жазған бұрынғы депутат Садықов.

Алайда Садықов бұл мәлімдемені жоққа шығарып, “лас ойын” деп атады. Кейін партия Садықовтың қарамағындағы қызметкерге харассмент жасап қана қоймай, мемлекеттік сатып алу рәсімдеріне де араласқанын мәлімдеген. Айтуларынша, экс-депутат таныстарынан тендерлерді ұтып алуға көмектесуін сұраған. 

Алайда прокуратура бұл жағдай бойынша іс тіркелмегенін мәлімдеді. 

Вебкам мен онлайн жезөкшелікке тыйым салатын заң күшіне енді

5 қыркүйекте Қазақстанда "Адам саудасына қарсы күрес туралы" заң күшіне енді. Енді онлайн жезөкшелікпен айналысқандар қылмыстық жауапкершілікке тартылады. 

Қылмыстық кодекске "жыныстық сипаттағы өзге де қызметтер" деген жаңа ұғым енгізілді. Адамдарды өзге де интимдік сипаттағы қызмет көрсетуге тартуға, осы мақсатта жеңгетайлық жасауға, үгіт-насихатқа және жарнамаға тыйым салынады.

Тіпті екі тарап татуласса да, бұл әрекеті үшін жауапкершіліктен босатылмайды. 

Құмар ойын мен лотерея қызметіне қатысты заңдар күшіне енді

8 шілдеде Тоқаев ойын бизнесі туралы жаңа заң аясында құжатқа қол қойды. 9 қыркүйекте ол күшіне еніп, түрлі шектеулер енгізілді.

Заңға енгізілген түзетулерде құмар ойындары мен бәс тігуге тыйым салынатын лауазымдылардың тізімі кеңейтілді.

"Борышкерлердің бірыңғай тізіміндегілерден басқа, мемлекеттік қызметкерлерге, әскерилерге, құқық қорғау және арнайы органдардың қызметкерлеріне, сондай-ақ бюджеттік ұйымдардың басшыларына тыйым салынды. Бұл адамдар бұдан былай бәс тігіп, құмар ойындарға қатыса алмайды. Бұл тыйымды бұзса, қызметінен босату қарастырылған", – делінген заңнамалық түзетулерде.

Енді ойын мекемелерінде келуші жеке басын куәландыратын құжатты ұсынады.

Сонымен қатар букмекерлік кеңселер мен казинолар құмар ойындардың қаупі туралы ескерту керек. 

Сондай-ақ заң букмекерлік кеңселерді және көлік құралдарында, бұқаралық ақпарат құралдарында, кино, видео және анықтамалық қызметтерде лотереяларды жарнамалауға тыйым салады.

4 қыркүйекте үкіметтің туризм және спорт министрлігінің кейбір мәселелері туралы қаулысы бекітілді. Құжатқа сәйкес ойын бизнесін және лотереяны реттеу жөніндегі комитеті қайта құрылды.

Жаңа туристік қала және екі жаңа әуежай салынбақ

26 қыркүйекте Маңғыстауда Кендірлі демалыс аймағында жаңа туристік қала ашылатыны белгілі болды. Оған жылына 300 мың адамға дейін кіре алады деген болжам бар.

Сонымен қатар Катонқарағай мен Зайсанда жаңа әуежай салынатыны айтылды.

Катонқарағай ауданында жаңа әуежай Солдатово ауылының қасында салынады. Бұл ауыл Катонқарағай және Үлкен Нарын ауылдарының арасында орналасқан. Катонқарағай ауылына дейінгі қашықтық – 38 шақырым.

Зайсанда әуежай Сәтбаев атындағы бұрынғы әскери әуеайлақтың аумағында орналасады. Бұл жерден Зайсан қаласына дейінгі қашықтық – 25 шақырым. Q400, ATR 42/72, CRJ200 әуе кемелері үшін ұзындығы 2200 метр жасанды ұшу-қону жолағы салынады. 

Олардың құрылысы 2025 жылы басталады.

11 жастағы қыздарға папиллома вирусына қарсы екпе салынды

Қыркүйекте 11 жастағы қыздарға адам папиллома вирусына қарсы вакцина салынды.

Адам папиллома вирусына қарсы вакцинация үшін адам папиллома вирусының ең онкогенді түрлерінен қорғайтын АҚШ-тың 4 валентті "Гардасил" вакцинасы қолданылды. Екпе мектептердің медициналық кабинеттерінде ата-аналардың немесе заңды өкілдерінің келісімін алғаннан кейін жүргізілді.

Адам папиллома вирусына қарсы вакцинация онкологиялық аурулардың, соның ішінде жатыр мойны обырының ауыртпалығын азайтады және жалпы халықтың денсаулық көрсеткіштерін жақсартуға, онкологиялық аурулардан болатын сырқаттанушылық пен өлім-жітімді төмендетуге ықпал етеді.

Бүгінде адам папиллома вирусын жұқтырмаудың және жатыр мойны обырының алдын алудың жалғыз әдісі – вакцинация. 135 ел адам папиллома вирусына қарсы вакцинацияның тиімділігін ескере отырып, бұл вакцинаны ұлттық иммундау бағдарламаларына енгізді. Соның ішінде Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан мемлекеттері бар.

Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс онкологы Диляра Қайдарованың сөзінше, вакцина бұл оқушылардың репродуктивті жағдайына кері әсер етпейді. 

"2023 жылы біздің институт үлкен зерттеу жүргізіп, сол қыздарды таптық. Адам папилломасы вирусының бар-жоғын тексеру үшін сараптама жүргізіп, менструалды қызметі мен бала туу қабілетіне сараптама жүргіздік. Олардан адам папилломасы вирусы анықталған жоқ. Қыздар бүгінде ана атанған, вакцина босануға әсер етпеген", – деді Қайдарова. 

Оқушылардың терезеден секіруі, жасөспірімдер арасында қауіпті ойын кең тарады

Осы айда балалар арасында суицид әрекеті өте көп болып, мектеп дабыл қақты.

16 қыркүйекте Алматыда 7-сынып оқитын екі қыз көпқабатты үйдің шатырынан құлап көз жұмды. №27 мектепте 7-сынып оқитын қыздар дене шынықтыру сабағынан сұранып кетіп, мектеп күзетшісіне дүкенге баратындарын айтқан. Кейбір мәліметтерге қарағанда, қаза тапқан қыздардың бірі – белгілі эколог Евгений Мұхамеджановтың қызы.

Қыздардың мұндай қадамға баруына суицид ойыны себеп деген болжам болды. Бірақ тергеу олардың қауіпті ойын ойнағанын жоққа шығарды. Сондай-ақ олар секірген жерден трамадол табылды деген ақпарат бар. Кейін тілшіміз қыздардың аниме кітаптарға қызыққанын анықтады. Мамандар мұндай кітаптарда өлімге итермелейтін өсиет болуы мүмкін дейді.

Алматы полициясы бұған дейін 13 жасар қыз терезеден құлап кеткенін мәлімдеді.

Атырауда 10 қыркүйек сағат 23:30 шамасында 13 жастағы қыз өзіне қол салды. Ол 8-сынып оқиды екен. Бейресми деректер бойынша, өзіне қол жұмсауына буллинг себеп болған. Бірақ басшылық мектепте буллинг дерегі кездеспегенін айтып, бұл нұсқаны жоққа шығарды. Сөзінше, қыз мектеп психологымен сөйлескен, бірақ маман оқушының мінез-құлқынан ешқандай дабыл қағатындай нәрсе аңғармағанын айтты.

14 қыркүйекте Щучинск қаласында да 12 жасар оқушы қыз бесінші қабаттағы пәтердің терезесінен құлап кетті. Алайда қыз тірі қалып, ауруханаға жатты. Қыздың мұндай қадамға не итермелегенін полиция тергеп жатқанын мәлімдеді. 

21 қыркүйекте Almaty Management University студенті өзіне қол салды. Университет басшылығы жағдайды растап, студенттің жақындарына көңіл айтты. Марқұм студент Нұрсұлтан Назарбаевтың баспасөз хатшысының бұрынғы орынбасары Болат Берсебаевтың ұлы болып шықты.

23 қыркүйекте Алматыда 18 жастағы жігіт терезеден секіріп кеткені мәлім болды. Желі қолданушысының айтуынша, ол Таугүл шағынауданында Нархоз университетіне қарама-қарсы орналасқан үйдің 16-қабатынан секірген.

Осыдан кейін мектеп әкімшіліктері балаларды қауіпке итермелейтін ойындардың түрлі жарақаттарға әкелуі мүмкін екенін ескертті. Олар балалардың контентін қатаң бақылауға алуды талап етті.

“Бұл мазмұны ата-аналарға көріне бермейтін, мобильді қосымшаларда жасырылған шағын ойындар болуы мүмкін. Telegram және TikTok әлеуметтік желілерінен "Бізбен ойна!” деген шақыртулар келуі ықтимал. Мұндай үндеулерді 18+ кітаптардан да табуға болады. Бұлардың ең қауіптісі: "Тихий дом", "Разбуди меня в 4:20", "Море китов", "Синий кит", "Красный дельфин ", "Млечный путь", "U19", "F57", " SchoolBoy RunaWay -Stealth", – делінген хабарламада.

Бір айда төрт әскеридің өлімі: Төртеуін де суицид деп мәлімдеді

12 қыркүйекте Алматы қаласының Түрксіб ауданындағы Құрлық әскерлері Әскери институтының аумағынан 44 жастағы сержанттың денесі табылды. Ол келісімшарт бойынша әскери қызмет еткен еді. Тергеу бойынша ер адам өзіне қол салған.

16 қыркүйекте Арыс гарнизоны әскери бөлімдерінің қызметкері басынан оқ жарақатын алып, ауруханаға түсті. Орталық аудандық аурухана бас дәрігері оның жағдайын ауыр деп бағалады.

Мәлімдеулерінше, келісімшарт бойынша жұмыс істейтін ер адам өзіне өзі оқ атқан.

“Арыс гарнизоны әскери бөлімдері бірінің келісімшарт бойынша әскери қызметкері травматикалық қарудан басынан жарақат алды. Алдын ала ақпаратта келісімшарт бойынша әскери қызметкер отбасылық-тұрмыстық жанжал аясында өзіне қол жұмсамақ болған”, – деп мәлімдеді қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.

Осыдан кейін Абай облысы Аягөз гарнизонындағы офицердің өзіне қол салғаны айтылды.

"19 қыркүйекте Аягөз гарнизоны әскери бөлімнің офицерінің мәйіті жұмыстан тыс уақытта пәтерінен табылды. Алдын ала мәлімет бойынша, офицер асылып қалған", – деп хабарлады гарнизон.

28 қыркүйекте Ақтауда 39 жастағы әскери қызметкердің мәйіті өз пәтерінен табылды. Ақтау гарнизонының мәліметінше, ер адам бір жылға жуық бала күтіміне байланысты демалыста болған.

"Алдын ала мәліметте келісімшарт бойынша әскери қызметкер отбасындағы кикілжің салдарынан асылып, өз-өзіне қол жұмсаған делінген. Себептері мен мән-жайы анықталып жатыр", – делінген хабарламада.

Бишімбаев Салтанат Нүкенованың отбасына моральдық өтемақы төлеуге міндеттелді әрі сот оны әке құқығынан айырмады

Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді Қуандық Бишімбаевтан материалдық шығын мен моральдық зиянды өтеу туралы шағым түсірді. Айтбек Амангелді өзінің талап арызында қарындасының өлімінен кейін денсаулығына моральдық зиян келгенін, денсаулығы нашарлап, жұмысқа қабілетін жоғалтқаны туралы айтқан. 

Айтбек Амангелді Бишімбаевтан 1,5 миллиард теңге моральдық шығын талап еткен, ал материалдық шығынды 8 828 070 теңгеге бағалаған.

Нәтижесінде Бишімбаевқа қылмыстық іс бойынша 6 877 672 теңге шығын мен моральдық зиян келтіргені үшін 10 миллион теңгені өтеу туралы шешім шықты. Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.

Салтанат Нүкенованы аса қатігездікпен өлтіргені үшін 24 жылға сотталған экс-министр Қуандық Бишімбаевтың бұрынғы әйелі Назым Қахарман оны ата-ана құқығынан айыру үшін Бас прокуратура мен Жоғарғы сотқа жүгінді. Назым Қахарман балаларының тегін ауыстырғысы келедә және балалары онымен араласқысы келмейтінін алға тартады. Алайда Бишімбаев пен Нүкенова заңды некеде тұрмағандықтан, ол “отбасы мүшесін өлтірді” деп саналмайды екен.

Назым Қахарманның сөзінше, ол Бишімбаев біріншіден, адам өлтіргендіктен, екіншіден, балаларға психологиялық зәбір көрсеткендіктен оны ата-ана құқығынан айыру туралы арыз жазған. Енді соттың бас тартқан шешіміне наразы. 

Қазақстан құрамасы Париж Паралимпиадасында өз рекордын орнатты

Париж Паралимпиадасы 28 тамызда басталып, 8 қыркүйекке дейін жалғасты. Біздің құрама спорттың 9 түрінен (паражүзу, пара пауэрлифтинг, пара жеңіл атлетика, пара каноэде есу, пара таэквондо, волейболды отырып ойнау, пара нысана көздеу, пара үстел теннисі, пара дзюдо) 33 жолдама жеңіп алды. Жалпы Париждегі додада ел намысын 44 спортшы қорғады. Нәтижесінде параспортшылар 9 медаль жеңіп алды. Оның екеуі алтын, үшеуі  күміс, төртеуі қола медаль.

Давид Дегтярев парапауэрлифтингтен, Ақмарал Науатбек парадзюдодан алтын иеленді. Пара нысана көздеуден Еркін Ғаббасов, пара жүзуден Нұрдәулет Жұмағали, парадзюдодан Ерғали Шамей екінші орын алды. Ал парадзюдодан Даяна Федосова, Зарина Раифова, Жұрқамырза Шүкірбеков және пара жеңіл атлетикадан Дастан Мұқашбеков қола жүлдеге ие болды. 

Париждегі дүбірлі додада қазақстандық спортшылар медаль саны бойынша өз рекордын жаңартты. Бұған дейін паралимпиадашылар жазғы не қысқы ойындарда 1 алтыннан артық ұтпаған.

Қазақстан құрамасы V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында озып шықты

8-13 қыркүйек аралығында Астанада 5-Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтті. Жарысқа әлемнің 89 елінен 2 мыңнан астам спортшы қатысқан. Қазақстан құрамасы 44 алтын, 33 күміс, 37 қола жүлдемен жалпы командалық есепте бірінші орын алды. 

Көшпенділер ойынында көкпардың финалында Қазақстан мен Қырғызстан ойнап, екі ел арасында дау туды. Қазақстан құрамасы Қырғызстан командасын 4:5 есебімен жеңіп, ел қоржынына алтын медаль салды. Бірақ қырғыз ағайындар ойынның әділетсіз өткенін айтып, төрешіні жерден алып, жерге салды. Бірінші таймда қазақстандық спортшы қырғызстандық қарсыласына жақындап келіп, қамшымен салып қалды. 

Ойын нәтижесіне көңілі толмаған қырғызстандықтар медальды алмай, марапаттау рәсімінде кетіп қалды.

V Дүниежүзілік көшпенділер ойыны кезінде Қазақстанға 597 мың турист келді. Дайындық және ұйымдастыру дирекциясы басшысының орынбасары Абылай Қондыбаев дүбірлі додаға мемлекеттік бюджеттен 5,7 миллиард теңге бөлінгенін айтқан еді. Алайда сайысты тамашалауға келген туристерден түскен қаражат 625 000 АҚШ доллары, яғни 300 миллион теңге ғана болды. 

еQonaq жүйесі Астанада 12 500-ге жуық шетелдік туристі тіркеді. Олардың жататын жеріне, жол жүруіне, тамақтануына және көңіл көтеруіне 15,5 миллион доллар, яғни 7,5 миллиард теңге жұмсаған. 

“Қазақстанға ең көп туристер Қытайдан келген. Аспан асты елінен келген туристер саны 33 мыңнан асты. Үндістаннан 6 мыңнан астам және Германиядан 4 мыңнан астам саяхатшы сайысты тамашалауға келген. 1-13 қыркүйек күндері Ұлттық музейге 14 мыңнан астам, "Бәйтерек" монументіне 15 мыңға жуық, "Нұр-Әлем" павильонына 10 мыңға жуық турист барған”, – деп мәлімдеді туризм және спорт министрлігі. 

Шахматшы қыздар алғаш рет рет Олимпиада жүлдесін жеңді

Шахматтан Қазақстан әйелдер құрамасы Мажарстан астанасы Будапеште өтіп жатқан 45-Олимпиаданың күміс жүлдегері атанды. Біздің команда соңғы турда АҚШ-пен 2-2 есебімен тең түсіп, 18 ұпай жинады. 

Әйелдер құрамасында Бибісара Асаубаева, Меруерт Камалиденова, Әмина Қайырбекова, Ксения Балабаева, Алуа Нұрман сынға түсті. Олимпиадада 1 және 2-орын алған ойыншыларға "Еңбек сіңірген спорт шебері" атағы беріледі.

Әлемде не болды?

Apple iPhone 16 моделін таныстырды

9 қыркүйекте Apple iPhone 16-ны ұсынды. Компанияның мәлімдеуінше, бұл алдыңғы буын смартфондарының процессорынан 30% жылдамырақ.

128 ГБ негізгі жады бар iPhone 16 нұсқасы 799 долларға (383 мың теңге), ал Plus 899 долларға (430 мың теңге) бағаланды. iPhone 16 Pro – 999 доллар (478 мың теңге) және iPhone 16 Pro Max бағасы – 1199 доллар (574 мың теңге). Сатылым 20 қыркүйекте басталды.

iPhone 16 қуаттау түймешігінің астына камераны басқару түймесі Capture Button қосылды. Гаджетті жасаушылар смартфонның артқы жағындағы екі камераның орнын да өзгертіп, тігінен орналастырған.

iPhone 16-да Apple Intelligence жүйесі бар. Бұл мәтіндерді онлайн аударып, әңгімелесушінің күйіне байланысты қарым-қатынас стилін таңдай алады, сондай-ақ қолмен жазылған мәтінді эмодзилерге айналдырады. Бұл функция қазанда қолжетімді болады және әзірге тек ағылшын тілінде қолжетімді.

SpaceX адамдарды коммерциялық мақсатта ғарышқа ұшырды

10 қыркүйекте SpaceX Polaris Dawn коммерциялық мақсатта алғаш рет ғарышқа туристерді ұшырды. Ғарышкерлердің Жерден ең алыс “Аполлон” ай бағдарламасына дейін ұзақ сапарға шығатыны айтылған. Бес күндік коммерциялық миссия Флоридадағы Кеннеди ғарыш орталығынан басталды.

Ливанда жойқын жарылыс болды, "Хезболла" көшбасшысы өлтірілді

Израиль әскері Ливанның оңтүстігіндегі "Хезболла" нысандарына шабуыл жасады. Ливандық Хезболла қозғалысы мүшелерінің 4 мыңға жуық пейджерлері бір уақытта жаппай жарыла бастаған. Жарылыстар 30 минуттан астам уақытқа созылды. Хезболлаға тиесілі ғимараттар мен қару-жарақ және оқ-дәрі сақталған қоймалар бомбаланды. Израиль әскері кейінгі 24 сағатта Ливандағы Хезболла ұйымының 1300 нысанына соққы бергенін мәлімдеді. Одан бөлек Ливанда рациялар жарылды.

23 қыркүйекте Израиль "Хезболла" ұйымының Ливандағы жүздеген нысанына әуе шабуылдарын жасап, салдарынан 492 адам қаза тапты. Олардың арасында 35 бала, 58 әйел және 2 медицина қызметкері бар. Сондай-ақ 1645 адам жарақат алды.

Ливан шенеунігінің сөзінше, бұл 1975-1990 жылдардағы азаматтық соғыс аяқталғаннан бергі ең жоғары өлім.

Ақырында ЦАХАЛ "Хезболла" көшбасшысы Хасан Насралланың көзі жойылғанын мәлімдеді. Хасан Насралламен бірге "Хезболла" оңтүстік қапталының қолбасшысы Али Карчи де өлтірілген. 

"Әуе күштерінің жойғыш ұшақтары бақылау бөлімінің және қорғаныс жүйесінің басшылығымен "Хезболла" орталық штабына соққы жасады. Штаб Даха Бейрут аймағында тұрғын үйдің астында орналасқан. Соққы кезінде "Хезболла" басшылығы штаб-пәтерде Израиль азаматтарына қарсы террористік әрекетін ойластырып жатқан", – делінген хабарламада.

Сонымен қатар ЦАХАЛ Сирияның оңтүстігінде ХАМАС инфрақұрылымының басшысы Ахмед Мұхаммед Фахданы да өлтірген. 

Талқылау