Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбеде көбелек қаптады: Тұрғындар зиянкестен құтыла алмай әлек болуда

Бір аптадан бері ақтөбеліктер көбелек қаптап кетті деп, олардан құтылудың жолын істеуде. Жәндіктің көптігі сонша, тұрғындар үйінің есік-терезесін ашудан қалған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “Еуразия” бірінші арнасына сілтеме жасап. 

Жәндіктер тек қана далада емес, үйде де қаптап кеткен. Әркім шамалары келгенше зиянкеспен күресіп жатыр. Бірақ қап-қара көбелектің азаятын түрі жоқ. Жәндік жарыққа үйір. Қас қарая электр жарығы бар жерге үймелесе, талтүсте күн көзін іздейді екен.

Екі апта бұрын шаруалар даладағы егістікті отап тастады деген жұлдызқұрт көбелекке айналып, енді қаладағылардың есін шығарып жатыр.

"Уламаса анау балалардың құлағына кіріп кетер. Кім біледі улы зат па, не зат екенін ешкім білмейді", – дейді тұрғын Құрмантаева. 

"Менің пердем қап-қара болып тұр. Мынаусы несі деймін. Алдында терезем ашық қалған. Қаптап кетіпті. Шығармақшы болып ұрып көрдім. Шығару мүмкін емес”, – дейді тағы бір тұрғын Лида Мұхамбеталина. 

Тұрғындар бұрын-соңды мұндайды көрмегендерін айтады. Қап-қара жәндіктің кесірінен емін-еркін далаға шығудан да қалған. 

Шалғын көбелектер енді даланы қойып, көпқабатты үйдің подъездіне кіріп жатыр. Тұрғындар жәндіктердің, әсіресе аптаптан соң қаптап кеткенін айтып отыр. Мынадай тұнып тұрған көбелектің кесірінен есік-терезені қымтап отыруға мәжбүр.

Шалғын көбелек немесе шатырқанат аталатын бұл жәндіктер әр он жыл сайын осылай көбейіп тұрады екен. Жауын, аптап оның көбеюйіне нағыз қолайлы орта болып тұр. Көбелекті дәл қазір улап, көзін жою тиімсіз дейді мамандар. Қауіптісі оның жұлдызқұрты. Себебі салған жұмыртқасы тамыз айының соңы мен қыркүйектің басында құртқа айналады. Сондықтан улау жұмыстарын қолға алған жөн.

"Зиян келтіретін тек жұлдызқұрты, гусеницы дейміз ғой. Егерде тұрғындар, дачный коллективтегілер өз есебінен уласа, оларға субсидия қарастырылмаған. Субсидия қарастырылғаны тек шаруа қожалықтары. Олар міндетті түрде егістік жер немесе пастбище болуы керек", – дейді облыстық ауыл шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Асылан Әбтиев. 

Қазір облыс аумағындағы 18 мың га жер демеушілердің көмегімен уланса, ал 18 мың га аумақты шаруалар өз күштерімен өңдеген.

Талқылау