Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбеде кәріс ұлтының атынан қазақ халқына алғыс ретінде мүсіндік композиция орнатылды

1 наурыз күні Ақтөбеде облыстағы кәріс халқының бастамасымен қазақтарға алғыс ретінде орнатылған мүсіндік композицияның ашылуы болды.

Шараға облыс әкімі Оңдасын Оразалин, ҚР Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Марат Әзілханов, Корея Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Ку Хонг-Сок, Корея Республикасы Елшісінің консулы Ким Вон Йон бикеш, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, этномәдени бірлестіктердің төрағалары қатысты.

Корея Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ку Хонг-Сок құттықтау сөзінде:
"Осыдан 85 жыл бұрын Сталин үкіметінің бұйрығымен кәрістер қиыр шығыста пойызға отырғызылып Қазақстанға күштеп қоныс аударылған. Сол кезде Қазақстан халқы ашаршылық пен шаруашылықты ұйымдастыру салдарынан қиын жағдайда болғанымен кәрістерге баспана, киім-кешек, азық-түлік жағынан көмек қолын созып, оларды жаңа жақын көрші, отбасы мүшесі ретінде қарсы алды. Бүгінгі алғыс айту ескерткішінің ашылу салтанаты кәрістердің 85 жыл өткен соң Қазақстан халқының ынтымақтастығының асқақ рухын еске алып алғысын білдіру үшін дайындалған шара", – деп атап өтті.

Облыс әкімі Елшіге біздің өңірге мерекеге орай келгені үшін ризашылығын білдірді.

"Алғыс айту күні - қазақстандықтардан қолдау тапқан мейірімділіктің, өзара сыйластықтың, достық пен ынтымақтастықтың мерекесі. Ақтөбе облысында Алғыс айту күні болған жарқын оқиға – осы ескерткіштің ашылуы болды. Бұл – біздің халыққа деген шынайы ризашылықтың куәсі. Құрметті Елші, Ақтөбе өңірінің тұрғындары атынан сізге және сіз арқылы Корея Республикасының бүкіл халқына алғысымды білдіремін! – деді облыс әкімі Оңдасын Оразалин.

Жиналғандарды алғыс айту күнімен сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Марат Әзілханов та құттықтап, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен этномәдени бірлестіктердің бірқатар мүшесін марапаттады.

"Ақтөбе облысының кәрістері атынан қазақ халқына алғыс" мүсіндік композициясы –  қазақ және кәріс әйелдерінің мүсіндері жасалған ескерткіш.

Қазақ әйелі кәріс әйеліне қазақи қонақжайлылықтың белгісі ретінде кесемен қымыз ұсынып тұр. Бұл депортацияның ауыр кезінде мыңдаған кәрістің аман қалуына көмектескен. Әйелдердің артындағы шаңырақты ұстап тұрған ақ құстың стильденген қанаттары – қазақ үйлерінің белгісі. Композицияның жалпы биіктігі – 4,7 метр, ені – 4,5 метр.

Талқылау