Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбеде қант диабетімен ауырып, ауруханада көз жұмған зейнеткердің туыстары дәрігерлерді жазалауды сұрады

зейнеткер ауыр отадан соң көз жұмғанФото: Видеодан скрин

Ақтөбеде ұзақ жылдар бойы қант диабетімен ауырып, жансақтау бөлімінде көз жұмған 68 жастағы зейнеткердің туыстары дәрігерлерді жазалауды сұрап отыр. Ақ жаулықты анасынан айырылған отбасы қазаға дәрігерлерді кінәлайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Марқұмның туыстарының сөзінше, науқасқа көмек көрсетілмей, қарт кісінің жағдайы күрт нашарлаған. Тіпті, екі аяғы іріңдеп, ампутация жасауға тура келіпті. Ауыр отаға шыдай алмаған 65 жастағы зейнеткер Күлшат Шарифуллинаның жүрегі ауруханада тоқтаған.

Зейнеткер гемодиализ аппаратына тәуелді болса да, өз бетімен жүріп-тұрып, немере бағып жүрген еді дейді марқұмның жақындары. Тек сәуірде аяғы ауырып, ауруханаға барыпты.

"Аяғының екі саусағын кесіп тастады. Бір саусағын тікті де екінші саусағын тіккен жоқ. Дәрігерлерден неге ашып қойғанын сұрадық. Олар қант диабеті болған соң ашық қояды деді. Сол аяғы іріңдей бастады", – деді марқұмның қызы Айнұр Әмірешова. 
 
Айнұр Әмірешованың айтуынша, дәрігерлердің жауапсыздығынан ірің аяққа түгел жайылып, науқастың жағдайы күрт нашарлаған. Емдеу мекемесіне кезекті мәрте барғанда ақ халаттылар өз ісіне немқұрайлы қарап, тиісті көмекті көрсетпеді дейді.

"Мұнда босқа жатырмын, маған бір нәрсе істесінші деп айтты. Оның үстіне маған ешкім қарап жатқан жоқ деді. Дәрігерлердің жауапкершілігі жоқ. Өз істеріне немқұрайлы қарады. Сараптамаға қарасаң бәрін күшті қылып берген. Бірақ анамыз дәрігерлерден ешқандай ем алған жоқ. Мен сияқты әке-шешесін жоғалтып жатқан адамдар көп жүрді", – дейді марқұмныың қызы.

Дәрігерлер қарт кісінің екі аяғын кесіп тастаған соң, зейнеткер жансақтау бөлімінде көз жұмған. Ал, медицина мамандары науқас ауруханаға қант диабетінің асқынған түрімен түскенін жеткізді. Олар қажет ем-домның барлығы хаттамаға сәйкес көрсетілді дейді. 

"Болған жайт аурухана ішінде талқыланды. Ауру тарихы көтерілген кезде алған дәрі-дәрмектері мен біздің емдеп жүрген хаттамада көрсетілген дәрі-дәрмектер тізімі тағайындалғаны көрсетілген. Дәріні алып, оны тағайындамау фактісі бұл жерде орын алмаған. Өйткені барлығы да уақытылы бекітіледі", – деді Ақтөбе облыстық көпсалалы ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Әділбек Исмайлов. 

Бірақ марқұмның балалары дәрігерлердің үстінен прокуратураға шағым түсірмек. Қара жамылған отбасы істі соңына дейін жеткіземіз деп отыр.

Жұмаділлә Нұрила
Бейсенбі, 04 Қыркүйек, 2025 09:56
Талқылау