Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбеде газ тапшылығы байқалды

Ақтөбелік жүргізушілер автогаз таба алмай сабылып жүр. Бірер күн бұрын газ тек талонмен ғана беріле бастаған. Енді ол да жоқ. Газ тасымалдаушылар тапшылық ұзаққа созылады деп отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды КТК арнасына сілтеме жасап.

“Айдың жиырмасынан кейін жағдай қиындайды. Нағыз тапшылықтың көкесі ай аяғында байқалады. Министрлік бөлген көлем біздің аймаққа жетпейді. Әсіресе жазда автогазға сұраныс артады. Ал жауапты басқармалар тапшылық болатынын, мәселені шешу үшін сұранысты  алдын ала жіберу керек еді”, –дейді Ақтөбе облысы сұйытылған газ тасымалдаушылар қауымдастығының төрайымы Алтынай Мұқанова.

Қазір қаладағы автогаз сататын бекеттердің бәрінде "газ жоқ" деген тақтайша ілінген. Ірі желілерде де газ таусылған. Ондағылар тапшылық өткен аптада басталды деп отыр. Сондықтан бірнеше күн бойы тек талонмен ғана сатқан. Энергетика министрлігінің аймаққа бөлген газ көлемі мардымсыз дейді газ тасымалдаушылар. Ақтөбедегі көліктердің басым бөлігі көгілдір отынмен жүреді. Ал айына облысқа 13 мың тоннадан аса автогаз қажет. Бірақ министрлік қазір он мың тонна ғана бөліп отыр.

“Газ өндіретін зауыттардан сұратқан ақпаратымызға сәйкес, Ақтөбе облысына 2408 тонна сұйық газ шығарылған. Бұл 22 пайыз. Әлі зауыттан алынбаған 8339 тонна газ бар. Және энергетика министрлігі 1260 тонна қосымша газ бөліп отыр. Оған тапсырысты толтырып жібердік”, – дейді Ақтөбе облысы энергетика және ТКШ басқармасы басшысының орынбасары Нұртай Сертаев.

Талқылау