Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбеде ерлі-зайыптыны қағып өлтірген полицейге үкім шықты

Ақтөбеде ерлі-зайыптыны қағып, оқиға орнынан қашып кеткен полицей 9 жылға сотталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

34 жастағы майор екі бап бойынша кінәлі деп танылды: “Көлікті мас күйінде жүргізіп, абайсызда екі адамның өліміне әкеп соқтыру” және “Жол-көлік оқиғасы болған жерден кетіп қалу”.

Шілдеде полиция қызметкері мас күйінде Kia Sportage көлігін тізгіндеп, велосипедші мен оның жолаушысын қағып кеткен. 25 жастағы ерлі-зайыпты Шыңғыс пен Динара мерт болды. Соққан кезде көліктің жылдамдығы сағатына 121 шақырымнан асқаны анықталды.



Мерт болған ерлі-зайыптының артында 3 және 4 жастағы екі ұлы қалды. Сол бір қайғылы түнде жас жұбайлар туыстарынан үйлеріне велосипедпен қайтып келе жатқан.

“Симановты өмір бойына көлік құралдарын басқару құқығынан айыра отырып, 9 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарылсын. Ол жазасын ең төменгі қауіпсіздіктегі мекемеде өтейді. Сондай-ақ Симановты ішкі істер министрлігі полиция майоры арнайы атағынан айыру туралы үкім шығарылсын”, – деді судья Алтынбек Сабыров. 

Еске салсақ, бұған дейін Ақтөбеде ерлі-зайыптыны қағып өлтірген полицей жәбірленушілерге үй беріп, талап қойғаны айтылды. 

Талқылау