Ақтөбеде ер адамды өлтірген әйел амнистияға іліккен: Марқұмның туыстары наразылық білдірді
Фото: Видеодан скрин
Ақтөбеде жұбайының қолынан қаза тапқан ер адамның туыстары тергеу барысына наразылық білдіріп отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.
33 жастағы Дмитрий Седов пышақ жарақатынан көз жұмған. Тергеу мәліметінше, оған жарақатты әйелі салған. Сараптама әйелдің аффект жағдайында әрекет еткенін көрсетті. Кейін ол амнистияға ілігіп, қылмыстық жауапкершіліктен босатылды.
Марқұмның ағасы Сергей Гавриловтың айтуынша, қылмыстық істегі деректер бір-біріне қайшы.
"Аффект жағдайында адам ештеңе есінде сақтамауы керек қой. Ал ол бәрін минутына дейін айтып берді. Қалай пышақты алғанын, қалай оған қарай ұстағанын, қалай алғаш рет салғанын, Диманың қалай шегініп, теңселіп құлағанын. Барлығын егжей-тегжейлі баяндады. Істе бір ғана жарақат делінген. Бірақ оның екеуі болған. Тағы біреуі арт жағынан, өкпесіне кеткен", – дейді ол.
Марқұмның анасы Ирина Гаврилова да келінінің алғашқы кезде жалған нұсқа ұсынғанын айтады. Оның сөзінше, келіні ұлын өзге адамдар өлтіргенін хабарлаған. Бірақ марқұмды туыстары көрген кезде денесінде бірнеше жарақат болған.
Седовтың жақындары қайта сараптама жүргізуді талап етуде. Олар құжаттардың Астанаға емес, Оралға жіберілгеніне күмән келтіреді.
"Қылмыс 20:10-да болған, ал аффект жағдайы 20:37 деп көрсетілген. Жедел жәрдем 20:39-да шақырылған. Уақыт сәйкеспейді", – дейді Сергей Гаврилов.
Полиция істің қайта тергеліп жатқанын растады. Ақтөбе облыстық полиция департаментінің ресми өкілі Ерболат Саркуловтың мәліметінше, қосымша сараптамалар тағайындалып, кешенді тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Дмитрий Седов небәрі 33 жасында қаза тапты. Оның некесі екі жылға ғана созылған. Қайғылы оқиғаға бес ай болды. Туыстары істің сотқа жетіп, кінәлілердің жазаланатынына үміт артып отыр.
Еске салайық, бұған дейін экс-күйеуін өлтірген қазақстандық әйел азаматтық некедегі күйеуін де пышақтап тастағанын жазған едік. Кейін іс аффект жағдайында жасалды деген сараптама қорытындысы негізінде амнистияға ілігіп, бостандыққа шыққан. Осы жолғы қылмысты ол дәл сол жазасын өтеу кезеңінде, яғни бостандығын шектеу түріндегі жазасы жүріп жатқанда жасаған.

"Аурухана мен мәдениет үйі жоқ": Сингапурға айналуы тиіс жаңа қала Алатаудың бүгінгі жай-күйі қалай (Фоторепортаж)
