Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбеде дүниеге келген америкалық қыз туыстарына іздеу жариялады

Ақтөбе қаласының тумасы, бүгінде АҚШ азаматы Яна Герати биологиялық әке-шешесіне іздеу жариялады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Бұл туралы Яна Герати Facebook-тегі Қазақстан-Америка қауымдастығы парақшасында жазды.

"Атым - Яна және мен биологиялық әке-шешемді, отбасымның мүшелерін тапқым келеді. Бұл топ (Kazakh American Association) биологиялық ата-анамды табуға көмектеседі деп естіген едім. Мені Қазақстаннан асырап алған. 1992 жылдың мамырында Ақтөбеде дүниеге келгенмін. Мені 2001 жылы 10 жасымда америкалық ата-ана бауырына басты. Туған отбасымды табуға біреулер қолұшын беріп жатса, риза болар едім. Кез келген көмек - мен үшін өте маңызды", - деп жазды қыз.

Яна өзінде кейбір құжаттар бар екенін мәлімдеді. Алайда, нақты қандай ұйымнан көмек сұрау керек екенін білмейді. Сөзінше, бұған дейін оны алдап кеткен.

Айта кетерлігі, асырап алған ата-анасы қыздан жасөспірім кезінде бас тартқан. 

"Олармен араласпаймын, сондықтан ақпарат алу қиын. Өзімнің қайдан шыққанымды білгім келеді", - деді Яна Герати.

Қыз қолындағы бір мәліметтермен бөлісті.

"Мені асырап алғанға дейінгі Қазақстандағы аты-жөнім - Гранчевич (Granchevitch) Яна Манольевна. Анамның аты - Гранчевич Марина Павловна (1964 жылы 18 қыркүйекте дүниеге келген), әкемнің аты - Гранчевич Маноль Томович", - дейді Яна.

Яна Гератидің әлеуметтік желідегі жеке парақшасында Фредериксбургте (Вирджиния) тұратыны және АҚШ армиясында қызмет ететіндігі көрсетілген.

Талқылау