Ақтөбеде босанған 14 жастағы оқушы бір рет қана медициналық тексеруден өткен
Фото: Ru.freepik.com
Денсаулық сақтау министрлігі Ақтөбеде босанған 14 жастағы оқушының жүкті екені не себепті ешкім байқамағанын түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Министрлік 9-сынып оқитын қыздың үш рет медициналық тексеруден өтті деген ақпаратты жоққа шығарды. Денсаулық сақтау министрлігінің бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиевтің айтуынша, дәрігерлер оқушыны тек бір рет қана қараған.
“Толыққанды кәсіби тексеру болған жоқ. Биыл наурыз айының басында скрининг қана жүргізілген. Ол кезде қыздың жүктілігі өте ерте кезеңде болған. Оның үстіне скрининг барысында акушер-гинеколог болмайды. Тек офтальмологтар мен ЛОР дәрігерлері ғана бар”, – дейді бірінші вице-министр.
Күні кеше Ақтөбе облысының бір ауылында 9-сынып оқушысы туған әжесінің 64 жастағы күйеуінен босанды деген ақпарат тарады. Полиция қылмыстық іс қозғады. Облыстық білім басқармасы дәрігерлер қызды үш рет қарағанын, бірақ жүктіліктің ешқандай белгісін байқамағанын айтқан.
Мәжіліс депутатының пікірінше, бұл сұмдық оқиға медицина және білім саласындағы қызметкерлердің немқұрайлығы мен жауапсыздығын көрсетеді.
“Біздің медицинаның деңгейі осы жағдайдан-ақ көрініп тұр. Тоғыз айлық жүктіліктегі қыз бен жай адамды ажырата алмау — бұл нағыз сорақылық! Ол қыз дене шынықтыру сабағында болып, тіпті жүгіріп жүрген. Мұны міндетті түрде гинекологтың ғана байқауы шарт емес, кез келген ересек адам байқамай қалмас еді. Мен ана әрі мұғалім ретінде мұндайды бірден ажырата алар еді”, – парламент мәжілісінің депутаты Ирина Смирнова.
Бұған дейін Ақтөбе облысында 14 жастағы оқушы босанғаны туралы жазған едік.

Шетелде бірнеше мүлкі бар, Құлыбаевтың компаниясында директор: Басы дауға қалған Олжас Байділдинов туралы не белгілі
