Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Өтіп бара жатып, ашық тұрған терезені көрген": Ақтөбеде бір отбасын пышақтап кеткен күдікті қылмысын мойындады

Ақтөбеде бүтін бір отбасын пышақтап кеткен күдікті қамауға алынды. Ол өзінің қылмысын мойындаған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.

23 жастағы тұрғын қарақшылық жолмен пайда таппақ болған.

Тәртіп сақшыларының айтуынша, қандықол қарақшы осыдан екі апта бұрын балконның ашық тұрған терезесінен пәтерге кірген.

Сол кезде ұйқысынан оянып кеткен 35 жастағы келіншек пен оның 16 жастағы ұлын пышақтап өлтірген. Ал 13 жасар оқушы қыздың мойнын тілгілеп, бес рет пышақ сұққан. Қансырап жатқан қыз тәртіп сақшыларына хабарласып, көмек сұрап үлгеріпті.

Сол кезде жансақтау бөліміне жеткізілген оқушының қазір беті бері қарап, палатаға шығарылды. Ал күдікті қылмысын мойындаған. Қарақшылық жасап, бірнеше адамды өлтіргені үшін айыпталып, тергеліп жатыр.

“Қылмыс жасады деген күдікпен 23 жастағы жергілікті тұрғын ұсталды. Жиналған дәлелдемелердің арқасында қылмысын мойындады. Бұлтартпау шарасымен қамауға алынды”, – дейді Ақтөбе облысы ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы Мұрат Ауғалиев.

Полицейлер қылмыскердің мақсаты – үйді болғанын айтады. Сондай-ақ ол қылмыс жасаған уақытта сау күйде болған. Бірақ бір қызығы көршілерінің ешқайсысы қабырғаның ар жағында не болып жатқанын естімеген. Күдікті алдағы екі айды тергеу изоляторында өткізеді.

“Тұрғын үйге еніп, қарақшылық жасаған, екі немесе одан да көп адамды өлтірді және кәмелетке толмаған адамды өлтіруге оқталды деген күдікке ілінген азамат 2023 жылдың 31 мамырына дейін қамауда болады. Ал аман қалған 13 жасар қызы әлі ауруханада жатыр. Ол мойынынан бес пышақ жарақатын алған”, – дейді Ақтөбе облыстық сотының баспасөз хатшысы Айжамал Сүндетова.

Дәрігерлер 13 жасар қызға емнен бөлек психологиялық көмек көрсетеді. Өйткені, ол сұмдық қылмыстың жалғыз куәгері болды.

“Қазіргі уақытта қыз біздің бөлімде. Жағдайы жақсарып келеді. Консультациядан бөлек психологтың кеңесін де өткіздік. Дауысында шамалы салдары бар. Бірақ мұның бәрі қалпына келеді деп ойлаймын”, – деп түсіндіреді Ақтөбе облысының ана мен бала денсаулығын қорғау орталығының травматолог дәрігері Қуантай Махамбетов.

Белгілі болғандай, әйел дәмханада әкімші болып жұмыс істеген. Балаларын жалғыз өзі бағып-өсірген. Үлкен ұлы колледжде оқыған. Қайғылы оқиғадан бір күн бұрын 13 жастағы қыз әкесінен де айырылып қалған екен. Ер адам басқа отбасымен тұрған, бірақ балалармен сөйлесіп тұрыпты. Туыстарының сөзінше, ол асылып өлген. Бірақ екі оқиғаның арасында ешқандай байланыс жоқ. Үш жақынынан бір сәтте айырылған қыздың қалыпқа келуіне ұзақ уақыт қажет болатын секілді.

Талқылау