Ақтөбеде банк қызметкері пәтер иесінің үйін тартып алмақшы болған
Ақтөбелік Аягөз Әбілова әділдікке қол жеткізе алмай шырылдап жүр. Келіншектің айтуынша, оны банк қызметкері алдап, пәтерін жалдап пайда тапқан. Көп балалы ана оның үстінен қылмыстық іс қозғалғанымен, аяқсыз қалғанын айтады деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі «Астана» арнасына сілтеме жасап.
Аягөз Әбілова он екі жыл бұрын екінші деңгейлі банктердің бірінен несиеге үй алған. Ипотеканы доллармен рәсімдеп, ай сайын 50 мың теңге шамасында төлеген. Екі жылдан соң доллар қымбаттап, төлем 88 мың теңгеге жеткен. Аягөз несиені теңгеге ауыстыруын сұрап, банкке өтініш жасаған. Бірақ банк менеджері алты айға төлем қабілетсіздігі туралы арыз жазуды ұсынған көрінеді. Жарты жыл несие төлемеген келіншек «банк қызметкеріне алдандым» деп отыр.
«Қайыралиев Ержан маған кілті әкеліп бер деді. Бірінші мені банкке шақырды. Бастық екеуі айтты. Егер сен кілтті қазір бермесең, біз сатып алушы тауып тұрмыз. Кілтті бермесең, сенің үстіңе қарыз ілеміз. Кілтті алып кетеміз. Бәрібір сен үйсіз қаласың деді. Сосын мен үйге келіп жолдасыммен ақылдасып, кілтті беруге шештім», – дейді Аягөз Әбілова.
Бірақ екі жыл өткен соң Аягөз Әбілова үй өзінің атында тұрғанын анықтапты. Оны Халыққа қызмет көрсету орталығына барғанда кездейсоқ білген. Ипотекалық төлем жасалмағандықтан, үстемақы жиналып қалған. Ал кезінде оған қызмет көрсеткен банк қызметкері жұмыстан шығып кеткен көрінеді.
«Бұл үй менің атымда. Ол алаяқтықпен менің кілтімді алып, үстімнен үйімді жалдап отырды. Жалдап отырып тағы пәтерақы төлемеген, ештеңе төлемеген. Оны мен білмеймін. Банкте несием өсіп жатты. Оған қоса коммуналдық төлем өсіп жатты. Үйімнің барлығын құртып кетті. Екі куәгерім бар. Оларды апарып тұрғанның өзінде ешқандай шара қолданылмай отыр», – дейді Аягөз.
Қазір келіншек өз үйінде тұрып жатыр. Банк барлық жиналған үстемені кешіріп, пайызын едәуір азайтып берген. 2012 жылы банк қызметкерінің үстінен алаяқтық бабымен қылмыстық іс қозғалған. Бірақ аяқсыз қалып отырған көрінеді.
«Қандай себептер болғанын анықтаймыз. Қысқа мерзімде шешіп береміз. Барлығы зерделеніп бақылауға алынады», – дейді Ақтөбе облыстық полиция департаментінің басшысы Атығай Арыстанов.
Аягөз бұрынғы банк қызметкерінің қалай да жазаланғанын қалап отыр. Ол сот арқылы барлық шығынын да өңдіріп алмақ.

"Күйеуімді қазақша Дарын деп атайды": Ағылшын азаматына тұрмысқа шыққан қазақ қызы оқиғасын бөлісті
