Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбеде археология институтының филиалы ашылды

Ақтөбеде Әлкей Марғұлан атындағы археология институтының Батыс Қазақстан аймағы бойынша филиалы ашылды. Орталық Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ғимаратында орналасқан.

Филиалдың ашылу салтанатына облыс әкімі Асхат Шахаров, Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының бас директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Ақан Оңғарұлы қатысты. Сондай-ақ шараға тарихшы ғалымдар мен студенттер жиналды.

"Соңғы жылдары Мемлекет басшысының тапсырмасымен, Қазақстан аумағында өмір сүрген, қоныстанған ежелгі тұрғындардың тарихы мен мәдениетіне айырықша көңіл бөлінуде. Республикамызда осы мақсаттағы археологиялық мұраларды зерттеуде Әлкей Марғұлан атындағы археология институты, оның ғалымдары жүйелі жұмыс жүргізіп, әлемдік қоғамдастық пен ғылыми ортада еліміздің, оның ішінде Ақтөбе өлкесіне тиесілі бірегей ашылымдардың насихатталуына күш салып отыр. Бүгін біз тарихи сәттің куәсі болып отырмыз. Төрт облыстағы құнды зерттеулердің орталығы — Ақтөбеде ашылып жатыр. Бұл — облыс үшін үлкен мерей. Зерттеу жұмыстарын жасау үшін тиісті қаржы бөлінетін болады. Ақтөбеде ашылған Батыс Қазақстан филиалы Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарының ғылыми әлеуетін біріктіруге жол ашып, әр өңірдегі зерттеу жұмыстарын жаңа деңгейге көтереді деп сенеміз", — деген Асхат Шахаров филиал ұжымына сәттілік тіледі.

Археология институтының Батыс Қазақстан аймағы бойынша филиалы Ақтөбе, Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан облыстарының ғылыми жұмыстарын бір орталыққа біріктіреді. Ғылыми орталықтың ашылуы аталған өңірлердегі жоғарғы оқу орындары, облыстық тарихи-өлкетану музейлері және өзге де ғылыми ұйымдардың тарихи-мәдени мұраларды зерттеу, сақтау және насихаттау жұмыстарын үйлестіруді жақсартады. Сондай-ақ мектеп оқушылары мен студенттерге бағыт-бағдар беріп, олардың ғылымға деген қызығушылығын арттырады. Өңірдің туристік әлеуетінің артуына да мүмкіндік бермек.

Айтып өткен жөн, мұндай филиал бұған дейін Астана қаласы мен Солтүстік Қазақстан облысында ашылған.

Талқылау