Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбеде алғашқы аудан әкімдерінің сайлауы өтуде

Бүгін еліміз бойынша пилоттық жоба ретінде аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерін сайлау өтіп жатыр. Ақтөбе облысы бойынша аудан әкімін сайлау үш ауданда өтеді. Олар — Қобда, Ойыл, Ырғыз аудандары. Әкімдерін алғаш рет өздері сайлайтын аудан тұрғындары сайлауға белсенді қатысуда.

Бүгін ырғыздықтар үшін маңызды күн. Өйткені олар аудан әкімін таңдайды. Аудан орталығындағы N218 сайлау учаскесінде әкім сайлауы таңғы сағат 7:00-де мемлекеттік гимнмен басталды. Учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы Нұрсұлтан Саудабаевтың айтуынша, 896 адам өз таңдауын жасайды. Ауыл тұрғыны Жолдыбай Әуесов дауыс беруге отбасымен келген.

“Отбасымызбен бірге сайлауға қатысып, аудан әкіміне кандидат болған азаматқа дауыс бердік. Сайланатын әкім ауданымыздың келешегі үшін барлық игілікті істер жасайды деп сенеміз”, – дейді ол.

Сайлау ауылдарда мереке іспетті өтіп жатыр. Қалыбай ауылдағы сайлау учаскесіне дауыс беруге бір топ көпбалалы ана келіпті. Солардың бірі – Күлән Әбділдина.

“Мен 1971 жылдан бері Қалыбай ауылында тұрамын. 8 баланың анасымын. Бүгінгі сайлау қазақ елі үшін үлкен мереке ғой. Әрбір ел азаматы өз еркімен, ынтасымен елі үшін, халқы үшін дауыс беруі керек. Сайлауға түсіп жатқан үміткерлер халықтың мүддесін ойласа екен деген тілегіміз бар. Сайлау әділ өтсе екен”, – дейді ол.

Қобда ауданы Әлия ауылындағы "Әлия" патриоттық тәрбие беру орталығының ғимаратында орналасқан сайлау учаскесінде де дауыс беру таңғы сағат 7:00-де басталды. Дауыс беруге санаулы минуттар қалғанда сайлау комисиясы мен бақылаушылардың қатысуымен сайлау жәшіктері мөрленді. Аталған учаскеде 624 дауыс беруші тіркелген. Оның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандардың да дауыс беруіне жағдай жасалған.

Уаскеге алғашқы болып келген ауыл тұрғыны Қыдырбай Табанов өз таңдауын жасады.

“Бүгін ауданымызда ерекше күн. Алғаш рет аудан әкімдерін сайлап жатырмыз. Таңмен ерте учаскеге келіп, өз таңдауымды жасадым. Әкімдер сайлауы жаңғырудың жемісі. Бұл сайлаудан күтеріміз көп. Ауданымыз өркендей берсін”, — деді ол.

Ал Гүлжамиға Төлегенова қай уақытта да сайлаудан қалмайтынын айтты.

“Себебі еліміздің болашағы үшін, ауданымыз үшін бұл өте маңызды. Бүгін міне, алғашқылардың бірі болып дауыс беруге келдім. Өз таңдауымды жасадым. Әкім халыққа жақын болуы керек. Ауданның басшылығына келген азамат өңірдің өркендеуіне үлес қосады деген сенімдеміз”, — деді ол.

Учаскедегі дауыс берушінің ең үлкені — 87 жастағы Сақыпжамал Мархабаева. Ал төрт ауыл тұрығыны бірінші рет дауыс бергелі отыр. Ал 11 адам денсаулығына және жасына байланысты үйден дауыс береді.

Ойыл ауданындағы 22 ауылда 26 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Аудан әкімі лауазымына кандидаттарға 9470 сайлаушы дауыс беруге құқылы. Көптоғай ауылдық округінде екі учаске, аудан орталығында орталығында - 5, қалған ауылдарда бір учаскеден жұмыс істейді.

Аудан орталығындағы №389 уаскеге дауыс беруге келген Зейнеткер Оқапов өз таңдауын жасады.

“Қай кезде де ауданда болған сайлаудан қалмаймын. Себебі бұл еліміз үшін өте маңызды оқиға. Ал аудан әкімдерінің сайлауы - демократияға тағы бір маңызды қадам. Байқап отырмын, дауыс берушілердің қатары көп. Бұл өте қуантарлық жағдай”, — дейді ол.

Ауыл тұрғындарының айтуынша, аудан әкімдерін тікелей сайлау халық пен билік арасындағы байланысты нығайтады.

Талқылау