Ақтөбеде әкімдік мемлекеттік бағдарламаға арналған пәтерлерді басқа адамдарға беріп жіберген
Ақтөбеде мемлекеттік бағдарлама бойынша пәтер алмақ болғандар баспана жетпей қала ма деп дабыл қақты. Өйткені "Бақытты отбасы" бағдарламасына іліккендерге арналған үйді әкімдік өзге біреулерге берген. Бұған наразы болғандар әкімдікке жиналды деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.
Былтыр "Бақытты отбасы" бағдарламасы бойынша байқаудан 344 отбасы өткен екен. Олардың барлығы мүгедек бала бағып отырған және көпбалалы аналар. Әзірге құрылысы біткен үйлерден оларға 150-дей пәтер бөлініпті. Бірақ соның 40-тан астамын үйі құлағылы тұрған тұрғындарға берген. Наразы тұрғындар айналдырған 114 пәтер кімге жетеді дейді жиналғандар.
“Қазіргі таңда өтіп отырған 344 анамыз, бізге айтқан есебі бойынша. Бірақ мына 36, 37, 22 үйді қосқанда бар болғаны 142 пәтер бар, оның өзінде 48 пәтерді апатты деді төтеншеліктер. Мен өз көзіммен көріп, кілтті тапсырып жатқанын видеоға түсірдіп қайттым. Бізге нақты жауабын берсін! Қашан байқау өткізеді? Неше пәтер беріледі? Қанша адам өтеді? Өтпей қалғандар не істейді?” – деді қала тұрғыны Жанар Нәрікбаева.
Ал шенеуніктер былтыр "Бақытты отбасы" бағдарламасының шарты өзгергенін мәлімдеді. Бұрын ескі үйден де пәтер алуға рұқсат берілсе, енді мемлекеттік бағдарламамен тек жаңа үйден ғана пәтер беріледі екен. Сондай-ақ байқаудың екінші іріктеу кезеңі бітпеген. 344 отбасының табысын әлі банк тексеруі қажет дейді әкімдік өкілдері.
“Бұл кісілер нақты мына үйлердің иесі деп айта алмаймыз. Оларға әлі байқаудың екінші кезеңі бар, бұл кезде пәтер таңдайды. 344 адам тең байқауға қатысып, өзара жарысады. Мысалы, мүгедек баласы бар жанұя таласып қалса, кім ертерек тұрды, сол жеңімпаз болады”, – деп мәлімдеді Ақтөбе тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы Жандос Әлімов.