Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбеде әкесі мен үш баласы жол апатынан қаза тапты: Алқабилер жүк көлігінің жүргізушісін ақтап алды

Алқабилер жүк көлігінің жүргізушісін ақтап алдыФото: Halyqstan

Ақтөбе облысының қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық соты Самара – Шымкент автожолында адам өлімімен аяқталған жол апаты бойынша 33 жастағы Қырғызстан азаматы Рамазан Инфуровты ақтап шығарды.  Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Жантүршігерлік жол апаты 2023 жылы 21 ақпан күні кешке тасжолдың 921-ші шақырымында болған. Іс материалдары бойынша, Инфуров жүргізген “Volvo” жүк көлігі Mitsubishi Montero Sport автокөлігімен соқтығысқан.

Оқиға салдарынан 31 жастағы ер адам мен оның екі кішкентай баласы қаза тапты. Тағы бір бала ауруханада көз жұмды. Қаза тапқандардың бәрі жеңіл көлікте болған. Көлікті қаза болған ер адамның 32 жастағы жұбайы басқарған. Ол аман қалды.

“Бастапқыда қылмыстық кодекстің 345-бап 4-бөлігі (Жол қозғалысы ережесін бұзу салдарынан екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соғу) бойынша әйел айыпталды. Алайда ол кінәсін мойындаудан бас тартып, өз жолағында жүріп келе жатқанын айтқан. Оның сөзінше, бензовозды басып озған жүк көлігінің кесірінен ол кенет тоқтатуға мәжбүр болған. Сол сәтте көлік сырғып кетіп, соқтығысқан”, – делінген хабарламада.

Сот жесір әйелді ақтап, айыптаушы тарап оның кінәсін дәлелдейтін ешқандай даулы емес дәлел ұсына алмағанын мәлімдедеген. 

Halyqstan Telegram арнасының жазуынша, кейін дәл сол айыптау жүргізуші ретінд Рамазан Инфуровқа тағылды.  Ол да кінәсін мойындамаған. Жүк көлігін басып озған соң өз жолағына оралғанын айтқан. Оның айтуынша, жеңіл көлік сырғып, қарсы жолға шығып кеткен.

Іс алқабилер сотының қатысуымен қаралды. Қорғаушы тарап жүргізушінің кінәсін дәлелдейтін ешқандай материал жоқ екенін мәлімдеді.

Сот материалдарын қарамас бұрын қылмыстық іс төрт рет тоқтатылған. Сондай-ақ оның алдында ақталып кеткен әйелге қатысты тергеу материалдарының бір бөлігімен кейбір мәліметтердің сәйкес келетіні де аталды. 

Сот қарау нәтижесінде Инфуровты қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты ақтады және оған қылмыстық жауапкершілікке заңсыз тартылғаны үшін зиянды өтеу құқығын таныды.

Сот оны қамаудан дереу босатуды, яғни қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын жоюды бұйырды.

Зардап шеккен тараптың 50 миллион теңге мөлшеріндегі азаматтық шағымы қараусыз қалды. Апелляция беру үшін 15 күн мерзім берілген.

Сонымен қатар төрағалық еткен судья Исмаилова жеке қаулы шығарып, прокурор мен Ақтөбе облысы полиция департаментінің басшысына осы істі тергеу кезінде қылмыстық процессуалдық заң нормаларының бұзылғанын ескертті.

Еске салсақ, Ақтөбе облысында жантүршігерлік жол апатынан 12 адам мерт болған еді. “Самара – Шымкент” трассасында жүк көлігі мен жолаушылар отырған “Газель” бетпе-бет соқтығысқан. Оқиға орнында екі жүргізуші мен автобус жолаушылары – барлығы 12 адам, оның ішінде 3 жастағы бала мен 9 жастағы оқушы көз жұмды. Тағы алты адам ауыр жарақат алды.

Айым Болатқызы
Дүйсенбі, 16 Наурыз, 2026 16:15