Ақтөбеде 52 жолаушы қаза тапқан автобустың техникалық ақаулары болған
Ақтөбеде 52 жолаушы қаза тапқан автобустың жүргізушілері көлік салонын дәнекерлеуіш шамның көмегімен жылытқан. Бұл туралы мәжілісмендердің депутаттық сауалына ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов жауап берді дейді ҚазАқпарат.
«Тергеу барысында автобустың «Шымкент – Самара» автожолының 1 068 шақырымында техникалық ақауға байланысты істен шыққаны анықталды. Бұл туралы төтенше қызметтерге хабар бермей, жолаушылардың қауіпсіздігіне шаралар қабылдамай, 2015 жылғы 26 наурызында ҚР Инвестициялар және даму министрлігі бекіткен «Автомобиль көлігімен жолаушылар мен багажды тасымалдау қағидаларын» бұза отырып, автобус жүргізушілері жанып тұрған дәнекерлеуіш шамның көмегімен көлік салонын жылытқан. Онда ашық ыдыстан абайсызда төгілген бензиннен өрт шыққан», – деді Қалмұханбет Қасымов.
Ішкі істер министрінің жауабына сүйенсек, қазіргі уақытта қамаудағы автобус жүргізушілері Ф.М. Пернебеков, Н.А. Қырғызбаев пен Б.М. Танатов қылмыстық жауапкершілікке тартылуда. Тергеу барысында техникалық ақауы бар автобусты жолға шығарудың себептері, жағдайлары мен негіздері анықталатын болады.
ҚР ҚПК 200-бабының тәртібіне сәйкес қылмыстық істі тергеу ісі аяқталғаннан кейін мемлекеттік жауапты органдарға шараларды қабылдау бойынша тиісті ұсыныстар жолданады.
Еске сала кетсек, бұған дейін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары ҚР Бас прокуроры Қайрат Қожамжаров пен Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовқа Ақтөбе облысында автобустың өртенуінен 52 адамның ажал құшуына кінәлілердің барлығын табуды сұрап, депуаттық сауал жолдаған болатын.
Айта кетейік, 18 қаңтар күні Самара-Шымкент тасжолында автобус өртеніп, 52 адам қаза болды.
Кейіннен өртенген автобус иесінің лицензиясы болмағаны анықталды.
Жіберіп алмаңыз:
Таразда лауазымды полицейлер парамен ұсталды
Қостанайда дәрігер-реаниматолог жұмбақ жағдайда жоғалып кетті
Шымкентте күтушісі жалғызбасты зейнеткердің пәтерін тартып алды
Сене алар емеспін: Ресейлік әйел Оралдағы көпбалалы отбасыға үш бөлмелі пәтер сыйлады