Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбе облысында сот хатшысы өзіне қол жұмсап қайтыс болды. Туыстары мән-жайды айтты

Ақтөбе облысы Алға аудандық сотының хатшысы өз-өзіне қол салып, қайтыс болды. Марқұмның көзі тірісінде араласқан таныстары, көршілері бұған әлі сенетін емес. Тәжірибелі маманды мұндай қадамға итермелеген не жағдай? Ауыр қаза туралы туыстары не дейді?

Ақтөбе облысында сот хатшысы өзіне қол жұмсап қайтыс болды

Сурет: 31 арна/ скриншот

Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Қайғылы жағдай қара жамылып отырған отбасын ғана емес, көршілерін де есеңгіретіп жіберген. Көзі тірісінде марқұммен араласқандар оның өте мәдениетті, үнемі жайдары жүретін айтады. Өз-өзіне қиянат жасап, асылып өлгеніне сенбейді. «Қызмет бабымен істі болды» деген де тек әшейін қауесет деп отыр. Өйткені, «көршіміз қызметін адал атқарған қызметкер болатын» дейді. Оның ажалына көптің қауесеті мен гу-гу әңгімесі сепбеп болды ма деп те ойлайды.

«Өзіне-өзі қол жүгірткен. Оны көршілерден естідім. Былай сауатты бала. Пара алып, ақша алып, мен сот үкіміне әсер етем деп, ондайды істейтін бала емес. Себебі, үкімді ол емес, сот қой шығаратын. Сондықтан ол балаға жазықсыздан-жазықсыз жала жабылып кетіп отыр-ау деймін. Өте мәдениетті, өте көрегенді, үлкенді сыйлайтын адам, жұмысын атқарып жүрді», – дейді Алға қаласының тұрғыны Шахзарад Күлімов.

Марқұмның артында жолдасы, ересек ұлы мен қызы, немерелері қалыпты. Қос анасы қайғыдан қан жұтып отыр. Енесі келінінің соңғы уақытта жүрегім сыр беріп жүр деп жиі шағымданғанын айтады.

«Жақсылығына еш кінә жоқ, жақсы болды. Отбасында да бақытты болды. Өзім қалай болғанын білмей отырмын. Ауруханада жатыр едім, қайта-қайта қоңырау шалып, қашан шығатынымды сұрады. «Білмеймін», – дедім. Екі немересін ертіп келді. Білмеймін, жүрегім ауырып жүр ма деді. Әлі сенбеймін өлгеніне, үйде жүргендей болады маған», – дейді марқұмның енесі Тәрбия Тәжікова.

Сот материалдарына сүйенсек, қаза болған сот хатшысына қатысты Қылмыстық кодекстің «Қызмет бабын пайдалана отырып жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адам жасаған алаяқтық» бабы бойынша іс қозғалған екен. Істі болған жігіттің таныстары мәселені оңай шешу үшін хатшымен келіседі. Көзі тірісінде сот қызметкері наркологиялық диспансерге 6 айға еріксіз түрде емдеуге жіберілгелі тұрған жігіттің ағайынымен осы мәселені шешуге көмектесе алатынын айтыпты.

«Үш жылдан бері желім иіскейтін. Айналасы, көршілерінен арыз түсті қауіпті екенін айтып, сосын арыз түскесін ішкі істер бөлімі ұсынысымен біз сотқа материалдар жібердік. Сосын сот шешім шығарды. Соттың шешімімен наркологияға жіберді, «өз еркіммен барып емделемін» дегесін наркологиядан психиатрияға жіберілді», – дейді Алға аудандық ауруханасының нарколог-дәрігері Қаным Нұрғалиева.

Нарколог дәрігер бұл істің сотта қаралып, кейін процесс кезінде 25 жастағы токсикоман жігіт еш мәжбүрлеусіз емделуге баратынын айтқанын жеткізді. Мән-жайды білмек болып марқұмның бұрынғы жұмыс орнына барғанбыз. Алайда, Алға аудандық сотының төрағасы есік аузынан қайтарды.

«Жақсы болу-пәсте-пәсте, жаман болу – бірнәрсе. Оқиға болған, айыптау актісі бар. Қысқартылған нәрсе, мен басқа ештеңе айта алмаймын. Бәрін сіздер біліп отырсыздар!» – дейді Алға аудандық сотының төрағасы Есдәуір Мұратқанов.

Марқұм әйел Алға аудандық сотында бұрыннан келе жатқан қызметкерлердің бірі болған. Осында 25 жыл бойы еңбек еткен екен. Таныстары мен әріптестері оның өте жақсы адам болғанын айтады, өлдіге қимайды. Дәл сол күні оны сотқа шақырған екен.

Сот хатшысына қатысты қылмыстық іс қозғалғанын облыстық соттың баспасөз қызметі растады. Марқұм қызметкер өз қызметін пайдаланумен 23890 теңгені құрайтын бөтеннің мүлкін алдау жолымен жымқырды деген айып тағылды делінген хабарламада. Кейін сотталушының қайтыс болуына байланысты іс тоқтатылған. Қаулы әлі заңды күшіне енбеген.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр