Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбе облысында 7 жасар оқушыны буындырып өлтірген қылмыскер тоғыз айдан бері табылар емес

Ақтөбе облысының тұрғыны ұлын өлтірген қылмыскерлерді таба алмаған полицейлердің сылбырлығына наразылық білдірді. Осы күнге дейін Саян Жақсылықтың өліміне қатысты ондаған сараптама жүргізілген. Бірақ оның ешбірі күдіктіні анықтауға септігін тигізе алмапты, деп хабарлайды КТК.

sss

Былтыр бірінші сыныпта оқитын ұлынан айырылған қаралы отбасы тәртіп сақшыларының әлі күнге дейінгі әрекетсіздігіне күйінеді.

Әйтеке би ауданындағы Милы ауылының тұрғыны Түлкібай Кенжебаев жалғыз ұлының келмеске кеткеніне көндіккен. Бірақ қандықол қылмыскердің өз ауылында тұрып жатқанына сенімді. Тоғыз ай бұрын сабаққа бара жатқан жерінен бірінші сыныпта оқитын Саян Жақсылықты біреу буындырып өлтіріп, денесін пакетке салған күйі туысқандарының қорасына лақтырып кетеді. Айналдырған қырық үйі бар Милыға сол күні сырттан ешкім келмеген. Азалы әке алақандай ғана ауылдан күдіктіні таба алмай отырған тәртіп сақшыларының қылығына күйінеді.

“Органның қызметкерлерінің әлсіздігі ме, сауатсыздығы ма? Басым жетпейді ешқандай. Қырық үй сонда. Мына қаладан қалай тауып алып жатыр бір миллион халық тұратын? Мен бүкіл облыстың бәрін шарлап болдым. Әкім біледі.ІІД бастығы біледі. Прокуратура бәрі біледі. Іс шешілмейді”, – дейді Саянның әкесі Түлкібай Кенжебаев.

Қаралы отбасы тексерудің қалай жүргізіліп жатқанынан бейхабар. Олар құзырлы органдар құр сарапатама тағайындаумен шектеліп отыр дегенді айтады.

“Жиырмадан астам сараптама тағайындалып жүргізілді бір іске. Жауаптарына ешқандай көңілім толмайды. Бәрінде бір жауап. Бір өлімді ашуға қанша уақыт керек?” – дейді Саянның әпкесі Шынар Кенжебаева.

Істі тергеп жатқан ішкі істер депаратаментінің өкілдері тілшілермен де тілдесуге құлықсыз. Олар жолдаған тілімдей қағазға тексерудің бұрынғысынша жалғасып жатқаны ғана жазылған.

“Тексеру кезінде куәгерлерден жауап алып, тінту жүргіздік. Бірқатар сараптамалар тағайындалды. Енді соның қортындысы бойынша қылмыстың нақты себептерін анықтаймыз”, – деді Ақтөбе облыстық ІІД.

Тәртіп сақшылары тергеудің қашанға дейін созылатыны және кімнен күдіктеніп отырғандары туралы жақ ашпаған. Өйткені оны құпия ұстап отыр. Әйтсе де, қаралы отбасы құзырлы орган түк шығара алмаса Милыдағы қырық үйді өздері аралап, заңсыз болса да ауылдастарын тергеуге аламыз деп бекінген

Талқылау