Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбе облысының тұрғындары "бір мектепте 20 мұғалім жаппай туберкулез жұқтырған" деп шу шығарды

Ақтөбеде бүтін бір елдімекен үрей құшағында отыр. Алға ауданы Бесқоспа ауылының тұрғындары мектептің мұғалімі туберкулезге шалдыққанын жақында білдік дейді. Әрі ұстаздардың індетке шалдыққаны бірінші рет емес.

Ақтөбе облысының тұрғындары

Осыдан үш жыл бұрын мұғалім ауырып, емделіп шыққанын айтты. Осыдан кейін тиісті мекемелер дереу шара қолданбаса, ауылды дерт жайлай ма деп отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Евразия арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Құрт ауруы анықталған мектепте неге карантин жарияланбады? Ауылдың халқы неге мәселелерін домалақ арыз арқылы ғана жеткізуге мәжбүр? 

Бесқоспа ауылында қазір ауданнан арнайы келген мамандар жүр. Олар індетке шалдыққан мұғалімнің жұмыс орны мен үйін дезинфекцияламақшы.

Ал мектепте сабақ әдеттегідей жалғасып жатыр. Басшылықтың өзі мұғалімнің туберкулезге шалдыққанын желтоқсан айының аяғында біліпті. Жүкті келіншек бұған дейін ауырып жүргенінен өзі де бейхабар болған деп отыр. Туберкулез анықталған соң, мектеп директоры дереу аудандық білім бөліміне хабарлаған. Санитар мамандар келіп мұғалім дәріс оқыған кабинеттерді дезинфекциялапты. Қазір де күніне бірнеше мәрте еденді хлорлы сумен сүріп алып отыратындықтарын айтты. Жауапты мекемелер карантин жариялауға негіз жоқ дегеннен кейін оқу процесін үзбеген.

«Аты-жөні белгісіз адам атынан арызбен хабар келді. Арызда көрсеткен 20 мұғалім бұл мектепте туберкулез деп. Ешқандай жиырма мұғалім емес. Бізде үш мұғалім 6 техқызметкер, олардың барлығы басым көпшілігі, тек екеуі соңғы үш жылда ауырған. Қалғандары жиырма жыл, он бес жыл бұрын ауырып, мектепте техқызметкер, біреуі жұмысшы болып жасап жатыр», - деді мектеп директоры Рүстем Қожаниязов.

Соңғы екі-үш жылда туберкулез дерті анықталғандықтан, алты ай сайын мұғалімдері бар,оқушылары бәрі медициналық тексеруден өтіп тұрады екен. Манту екпесі салынып, флюрографиядан өтеді. Мектептің директоры індет таралып кететіндей еш қауіп жоқ деп сендірді. Ал ата-аналар болса, бәрібір алаңдаулы.

«Балам оқиды, конечно алаңдаймын. Жұқпайды деп айтып кетті. Білмеймін, оны енді Алла біледі. Қалай айтып тұрғандарын. Сосын мұғалімдер ауырып жатыр пневмониямен дейді. Оның не екенін, салқын тиген деп жатыр ғой. Дезинфекция жасады дейді, мектепті жауып жасау керек ғой. Ал бұл жақта не жасап жатқанын білмейміз», - деді  тұрғын Нұрлыбек Балымбетов. 

«Олардың кемшілігі- айту керек еді халыққа, ескерту керек еді. Енді бізді сендіргеннен кейін сеніп тұрмыз. Қауіп жоқ, алаңдамаңыз дегеннен кейін", - деді тұрғын.

Ауылдықтар жандайқайына әкім-қаралардың жүрдім бардым қарайтынына алаңдап, аноним хатты облыс басшылығына жолдаған. Үшбу хатта соңғы жиырма жылда мектептің бірнеше мұғалімі мен қызметкері құрт ауруын жұқтырғанын, бұл мәселені жылы жауып қоя берсе, балаларымыздың күні не болмақ депті. Дереу облыстан комиссия келіп, ауылдықтармен кездесу өткізген.

«Облыстық ауруханада ем алып жатыр, жағдайы жаман емес, зертхананың берген анализі, туберкулез бактерияларының жұқпайтын түрі. Мектепте болған оқушылардың барлығын тексерістен өткіздік. Жұмысшылардың бәрін тексердік, 178 адам, үйінде болған отбасы мүшелерін тексердік, ешқандай туберулезге қатері бар белгі болған жоқ», - деді облыстық туберкулезге қарсы диспансердің бас дәрігері Ерлан Тәтімов. 

Бесқоспада 80 түтін бар. Мектепте 100 оқушы білім алады. Олардың 15 жасқа дейінгілеріне манту сынамасын салып, жоғары сыныптағыларды флюорографияға түсіріп жатыр. Облыстық туберкулезге қарсы диспансердегілер ешкімнен оң нәтиже анықталған жоқ деп отыр. 

Талқылау