Ақтөбе облысының бұрынғы әкімінің қамауда ұстау мерзімі ұзартылды
Ақтөбе облысының экс-әкімі Ермек Имантаевты қамауда ұстау мерзімі ұзартылды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Бұрынғы шенеунікті қамауға алу мерзімін ұзарту туралы ақпаратты Ақтөбе облысы сотының баспасөз қызметі растады. Ермек Имантаев 2023 жылдың 8 мамырына дейін қамауда болатыны хабарланды.
Биыл ақпанда сот оны екі айға қамауға алуға санкция берген.
“ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті облыс прокуратурасының үйлестіруімен "Ақтөбе" ӘКК"АҚ-ның бұрынғы басқарма төрағасы Ермек Имантаевқа қатысты сотқа дейін тергеу жүргізіп жатыр. Ол қызметтік өкілеттілігін асыра пайдаланды, өзінің үлестес адамдарына жер телімін төмен бағаға берді, сөйтіп мемлекетке 199,4 млн теңге шығын келтірді деген күдікке ілікті”, – делінген хабарламада.
"Тергеу соты "қамауға алу" түріндегі бұлтартпау шарасын қолдануға шешім қабылдады. Күдікке іліккен бабы бойынша 7 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылған. Кінәсі дәлелденсе басшылық қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырылады. Қазіргі кезде сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. Өзге ақпарат тергеу құпиясына байланысты жарияланбайды.
Еске салсақ, бұған дейін Ермек Имантаевқа қатысты іс қозғалып, шығын өндірілді. Қаржы Мұғалжар ауданындағы Құмжарған орта мектебінің құрылыс жұмысын аяқтауға жұмсалды. ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл – "Ақтөбе"ӘКК" АҚ-ның бұрынғы басқарма төрағасы Ермек Имантаеқа қатысты қозғалған екінші іс.
Ермек Имантаев 2002 жылғы сәуірден 2004 жылғы шілдеге дейін Ақтөбе облысының әкімі, одан кейін президент әкімшілігінің ұйымдастыру-бақылау жұмысы және кадр саясаты басқармасының, мемлекеттік бақылау және ұйымдастыру жұмысы бөлімінің мемлекеттік инспекторы болды.
Сондай-ақ Ермек Имантаев республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің мүшесі болып жұмыс істеді. 2019 жылғы қарашадан 2021 жылғы наурызға дейін "Ақтөбе "Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы"АҚ басқарды.