Ақтөбе облысының әкімдігі 77 миллион теңгеге екі электромобиль алмақ болған
Ақтөбеде шенділер 38 миллион теңгелік екі электромобиль алмақ болған. Бұл үшін олар мемлекеттік сатып алу сайтына лот жариялапты. Бірақ облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті әкімдіктің көліктерді нарықтағы құнынан тым қымбатқа бағалағанын анықтап, конкурсты тоқтатқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің мәліметінше осыған ұқсас электромобильдер нарықта 29 миллион теңге тұрады екен. Сондықтан мамандар облыстық әкімдікке мемлекеттік сатып алу туралы шартты нарықтық бағаға сәйкестендіруді ұсынған. Нәтижесінде 18 миллион теңгеден астам бюджет қаражаты үнемделді.
Ал әкімдік өкілдері электромобильдерді шығыны аз болғандықтан және әкімдіктің ішкі жұмыстарына пайдалану үшін сатып алмақ болғанын айтады. Сөздерінше, байқау жариялаған кезде мұндай көліктің нарықтағы құны 38 миллион теңге болыпты. Кейін электромобильдің құны түскен. Бірақ мемлекеттік сатып алу шартын өзгерту мүмкін болмаған екен. Қазір шенеуніктер электромобильдердің талап етілген жинақтарының болмауына байланысты келісімшартты бұзғанын мәлімдеді. Енді орнына жанармаймен жүретін көлік алуды жоспарлап отыр.
“Жалпы электрокарды сатып алудағы мақсатымыз – еліміздің жасыл экономикаға көшу жөніндегі бағдарламаны орындау. Әрі экологиялық тұрғыдан да шығын жағынан да, үш есе тиімді”, –деді Ақтөбе облысы әкімдігі іс басқармасы басшысының орынбасары Тимур Рыскелдин.