Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбеде мектеп оқушысын ұрып өлтірген: Алты жасөспірім сот алдында жауап береді

Ақтөбе облысы Қопа ауылындағы жоғары сынып оқушыларының соққысынан кейін көз жұмған 14 жастағы Нұржан Сыдықовтың ісі сотқа жолданды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Stan.kz

Мәліметтерге сенсек, Ақтөбе облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына Темір ауданының Қопа ауылында мектеп оқушысының абайсызда өліміне әкелген денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру фактісі бойынша қылмыстық іс жолданды.

"Іс облыстық полиция департаментімен тергеліп, процестік прокурор тағайындалды, ол толық, жан-жақты және объективті тергеуді қамтамасыз етті. Анықталғаны, өткен жылдың 2 қыркүйегінде Темір ауданының Қопа ауылында 10-сынып оқушылары 11-сынып оқушыларының нұсқауымен 9-сынып оқушыларын "тәрбиелік мақсатта" ұрып-соққан. Салдарынан кәмелетке толмаған Нұржан Сыдық ауыр дене жарақаттарынан көз жұмды", – делінген хабарламада.

Тергеу барысында 6 кәмелетке толмаған күдікті қамауға алынды. Олардың біреуі Қылмыстық кодекстің 106-бабы 3-бөлігімен (Абайсызда жәбірленушінің өліміне әкелген қасақана ауыр дене жарақатын келтіру) бойынша сотқа берілді. Ал қалған бесеуі 293-баптың 2-бөлігі (Бұзақылық) және 106-бабы 3-бөлігінде көзделген қылмысты жасауды ұйымдастырғаны үшін (Қылмысты ұйымдастыру) 28-бабы 3-бөлігі бойынша жауапқа тартылды. Сотта мемлекеттік айыптауды процесс прокуроры қолдайды.



Еске салсақ, бұған дейін Ақтөбе облысында жасөспірімдер арасындағы жанжалда 9-сынып оқушысы Нұржан Сыдықов көз жұмғаны туралы жазған едік. Нұржан қайтыс болғаннан кейін көп ұзамай әпкесі Аяжан Сыдықова мектепте әлімжеттіктің өршіп тұрғанын мәлімдеген еді. Оның айтуынша, 11-сынып оқушыларының айтуымен 10-сынып оқушыларын Нұржанды ұруға мәжбүрлеген көрінеді. Бұл деректі бас прокурор Берік Асылов та растап, істің тергеу барысын жеке бақылауына алғанын мәлімдеді. Жасөспірімнің өліміне қатысты 6 оқушы қамауға алынған.

Талқылау