Ақтөбе облысында қызғалдақ ұстап суретке түскен әкімнің ісі сотқа жетті
Фото: Әлеуметтік желіден
Ақтөбе қаласындағы сотта Мұғалжар ауданына қарасты Қ. Жұбанов атындағы ауылдық округтің әкімі Ләззат Бердібаеваның ісі бойынша сот отырысы басталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Іс Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің "Кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау" бабы бойынша қаралуда. Ләззат Бердібаева сотта түсініктеме беріп, гүлдерді балаларының демалыс кезінде үзіп алғанын, өзі тек гүлдермен суретке түскенін айтты.
Сотта Ләззат Бердібаева өз кінәсін мойындамады. Оның айтуынша, полицейлік хаттамада отбасымен табиғат аясында 21 сәуірде болған деп көрсетілгенімен, шын мәнінде олар 19 сәуірдегі демалыс күні шыққан.
Олар аудан орталығына апаратын жол маңында демалған. Жанында 6 және 8 жастағы балалары болған. Қыздары шамамен 15 гүл үзіп, анасына сыйлаған. Хаттамада анасының балаларға бұл гүлдерді үзуге болмайтынын, олардың Қызыл кітапқа енгенін ескертпегені көрсетілген. Алайда әкім бұл мәліметпен келіспей, балаларға гүлдерді үзуге болмайтынын айтқанын жеткізді.
Сотта белгілі болғандай, гүлдерге қатысты ешқандай сараптама жүргізілмеген. Яғни, олардың сирек кездесетін немесе жойылып бара жатқан өсімдіктер тізіміне кіретін-кірмейтіні анықталмаған.
Әкім қызғалдақпен суретке түскені үшін қанша айыппұл төлейді
“Балалар гүлдерді мен дастархан жайып жатқанда, 5-7 минут ішінде үзіп алды. Мен олармен суретке түсіп, оны WhatsApp статусыма салдым. Балалар табиғатқа зиян келтіруді мақсат тұтқан жоқ, олар тек мені қуантқысы келді. Бірақ мен оларға гүлдерді үзуге болмайтынын айттым. Біз демалған аумақ ерекше қорғалатын аймаққа жатпайды, ол жерде мал жайылып жүрген. Менің балаларым өте тәрбиелі, мектептен мінездемелері бар. Өзім 18 жыл мемлекеттік қызметтемін, заңды бұзған емеспін. Әлеуметтік желілердегі пікірлер мені күйзеліске ұшыратты, денсаулығыма әсер етті. Адамдар мені ғана емес, балаларымды да қорлады. Сондықтан, менің тарапымнан ата-аналық міндеттерді орындамау фактісі болған жоқ деп есептеймін. Мені әкімшілік жауапкершілікке тартпауды сұраймын”, – деді Ләззат Бердібаева сотта.
Ол сотқа ауыл тұрғындары мен ақсақалдар кеңесінің мемлекеттік қызметші ретінде оны қолдайтын және ауыл жағдайының жақсарғанын айтатын хаттарын ұсынды.
Сотқа шақырылған Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының өкілі Артур Кантарбаев олардың мекемесі өсімдіктерге зерттеу жүргізбейтінін, бұл ғылыми ұйымдардың құзырында екенін айтты. Оның сөзінше, Батыс аймақта Шренк және Кауфман қызғалдағы өседі, ал Мұғалжар ауданында нақты қандай гүлдер өсетіні туралы мәлімет жоқ. Ал суреттегі гүлдердің нақты түрін тек ғылыми институт мамандары анықтай алады.
Сот тараптарды тыңдап, істі 15 мамырға қалдырды.
Еске салсақ, Ақтөбеде қызғалдақ ұстап суретке түскен ауыл әкімініңбас дауға қалған еді.

22 жастағы қазақстандық қыздан асқынған сатыдағы қатерлі ісік анықталды: Ол диагнозды жүкті кезінде білген
