Ақтөбе облысында жантүршігерлік жол апатынан 12 адам мерт болды
Видеодан скриншот
Ақтөбе облысындағы тас жолдың бірінде жантүршігерлік жол апатынан 12 адам қаза тапты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қайғылы оқиға 23 қазанда Самара-Шымкент тас жолының Белқопа ауылының маңында болған. DAF жүк көлігі мен "ГАЗель" жолаушылар көлігі соқтығысты. Алдын ала мәлімет бойынша, жүк көлігі қарсы қозғалысқа шығып кеткен.
"Жол апаты салдарынан екі жүргізуші мен 10 жолаушы оқиға орнында қаза тапты, бес адам ауруханаға жеткізілді", – деп хабарлады полиция.
Жол-көлік оқиғасы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. ГАЗель көлігі Жүргенев ауылынан облыс орталығына ресми түрде жолаушылар тасымалдағаны анықталды.
Оқиға орнында полиция қызметкерлері мен жедел-тергеу тобы жұмыс істеп, оқиғаның барлық мән-жайын анықталып жатыр. Қажет тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Ақтөбе облыстық әкімшілігінің мәліметінше, зардап шеккендер Хромтау аудандық ауруханасына жеткізілді. Үшеуінің жағдайы ауыр, екеуінің жағдайы орташа.
Бір адам ауруханаға жатқызудан бас тартты. Оқиға орнына облыс әкімі Асхат Шахаров барды.

Жинағыңызды алтынмен сақтау тиімді ме – Сарапшылар бағалы металдың грамы 100 мың теңгеге жететінін болжады
