Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбе облысында тұрғындар мал бағатын жердің жоқтығына шағымданды

Ақтөбеде қала маңындағы Өрлеу ауылында жер дауы басталды. Тұрғындар елді мекеннің айналасында мал бағатын жер жоқ деп шағымданды деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап.

Құны 30 млн теңге: Түркістан облысында бақташы біреудің малын сатып жіберген

Жер дауы жылдан-жылға ушығуда.

Мал бағатын тұрғындар күні бойы малды бөтен аумақтардан алыстатумен әлек. Өйткені жануар біреудің жеріне кіріп кетсе, айыппұл төлеуге тура келеді. Ауылда жұмыс жоқ, көпшілігі мал бағып күнелтеді. Өрлеулік Серік Қожаниязовтың 10 сиыры мен 40 қошқары отбасының жалғыз табыс көзі болып отыр. Ауыл тұрғыны олардың санын көбейткісі келгенімен, мүмкіндік жоқ. Ауылдың айналасындағы жайылымды фермерлерден жалға алады.

“Әкімдік құр уәде береді. Жер берілмейді дейді де, оны басқаға сатады. Кеше ғана білдік, үйден 10 метр қашықтықтан біреудің жері басталады, енді малдың қай жерде жайылатыны белгісіз”, – деді Өрлеу ауылының тұрғыны Серік Қожаниязов.

Өрлеу тұрғындары үш жыл бұрын мал жаятын жер учаскелерінің жоқ екенін айтты. Олар хат жазып, әкімдіктерге жүгінді, бірақ жыл сайын жағдай ушығып келеді.

“Бір жағынан жеке шаруашылық, екінші жағынан 80 гектар жер көкөніс бақтарына берілді, содан кейін бірнеше карьер бар”, – деді өрлеулік Сатыбалды Өтегенұлы.

Тұрғындар  шенеуніктердің жайылымдық жерлерді кеңейту туралы бос уәделерінен шаршаған. Әкімдік қызметкерлері ауылдағы 100 гектарға жуық жерді қайтаруды жоспарлап отырғанын хабарлады.

“Ақтөбе әкімінің 2022 жыл 3 маусымдағы қаулысы негізінде Өрлеу тұрғындарына мал жаю үшін 240 гектар жер бөлінді. Бүгінгі таңда Жер кодексінің негізінде нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлерін қайтару бойынша жұмыс істеп жатырмыз”, – деп мәлімдеді Ақтөбе қаласының тұрғын үй қатынастары бөлімінің маманы Қолғанат Нұрсұлтан.

Биыл Ақтөбеде алты мың гектарға жуық жерді мемлекет меншігіне қайтару жоспарлануда. Өрлеу ауылына келетін болсақ, шенеуніктер мал жаю үшін қанша гектар жер қажет екенін есептеуге ниетті. Бүгінгі таңда ауылда 400-ге жуық ірі қара мал және қой бар.

Талқылау