Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбе облысында полиция бастығы майор атағынан айырылып, бес жарым жылға сотталды

Ақтөбе облысының полиция департаменті Мәртөк аудандық бөлімі бастығының орынбасарына үкім шықты. Ол қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланғаны үшін сотталды.

Фото: ІІМ

Мәртөк аудандық сотында Е-ге қатысты қылмыстық іс қаралды.

"Сот Е-ні полиция майоры арнаулы атағынан, өмір бойына мемлекеттік қызмет атқару құқығынан айыра отырып, оған бес жыл алты ай мерзім бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады", – деп хабарлады Мәртөк аудандық сотының баспасөз қызметі. 

Сонымен қатар іс бойынша заң бұзушылық фактілерінің анықталуына байланысты Ақтөбе облыстық ІІД бастығының атына жеке қаулы шығарылды.

Е Мәртөк аудандық бөлімі бастығының орынбасары бола тұра, 2020 жылдың тамыз айында өзіне берілген өкілеттіктерді асыра орындап, қылмыстық іс бойынша заттай дәлелдемелерді, яғни түрлі ассортименттегі темекінің 611 960 қорабын "А" ЖШС-не заңсыз түрде берген. 

"Сонымен бірге "А" ЖШС-нен темекі өнімдерін сатудан түскен қаражат департаменттің есеп айырысу шотына түспеген, нәтижесінде мемлекетке аса ірі көлемде 243 миллион теңге материалдық залал келтірілген, – деп мәлімдеді Мәртөк аудандық сотының баспасөз қызметі.

Сотталушы өз кінәсін мойындамай, темекіні одан әрі сату үшін "А" ЖШС-не бергенін, ешқандай пайдакүнемдік мақсатты көздемегенін түсіндірді. 

Талқылау