Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбе облысында биылғы жылдың басынан бері 730 шақырым автожол жөнделді

Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппараттық жиында өңірдегі автожолдардың қазіргі жағдайы мен саланы одан әрі дамыту жөніндегі жоспарлар қаралды.

Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Айбек Қайыр баяндама жасады.

Жыл басынан бері облыста 730 шақырым автомобиль жолы, оның ішінде 128 шақырым республикалық маңызы бар автожол, 602 шақырым жергілікті маңызы бар автожол жөнделіп, салынды. Атқарылған жұмыстың қорытындысы бойынша жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 75,8%-ға жетті, жоспарлы көрсеткіш - 74%.

2024 жылы жалпы құны 92 миллиард теңгені құрайтын 97 жобаны іске асыру жоспарлануда. 621 шақырым автомобиль жолы, оның ішінде 135 шақырым республикалық маңызы бар автожол, 486 шақырым жергілікті маңызы бар автожол жөнделіп, салынады. Атқарылған жұмыстың қорытындысы бойынша жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 81,8%-ға жетеді, деп хабарлады А.Қайыр.

Облыс әкімі Асхат Шахаров мемлекеттік сатып алу конкурстарын алдын ала өткізу, соның ішінде қажетті құрылыс материалдарын дайындауға қатысты тапсырмалар берді. Бұдан өзге, жол құрылысы процесін бақылауды күшейту, ұлттық жол активтері сапасы орталығының барлық жобасын бақылауға тарту міндеті қойылды.

Талқылау