Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбе облысында ауыл шаруашылығы қызметкерлеріне құрмет көрсетілді 

Ақтөбеде ауыл шаруашылығы қызметкерлері күніне арналған мерекелік шара өтті. Ауыл шаруашылығы ардагерлерін, еңбек үздіктерін, сала мамандарын облыс әкімі Асхат Шахаров құттықтады. 

"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында агроөнеркәсіп кешеніне нақты серпіліс керектігін, ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті орасан зор, еліміздің стратегиялық мақсаты – Еуразия құрлығындағы басты аграрлық орталықтың біріне айналу нақты міндет екенін атап өтті. Ақтөбе облысы – ауыл шаруашылығын дамыту үшін қолайлы аймақ. Салаға мемлекет тарапынан бөлініп жатқан қолдаулар көп. Соның арқасында биыл 17,4 млрд. теңге қаражат бөлінді. Мал шаруашылығына мал азығы шығындарын өтеу үшін қосымша 2,9 млрд. теңге бағытталды. 2023 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша 397 млрд теңгеге өнім өндірілді, инвестиция көлемі 18,4 млрд теңгені құрады, бұл былтырғымен салыстырғанда екі есе көп", - деді Асхат Шахаров.

Облыс әкімі ауа райына байланысты туындаған қиындықтарға қарамастан, жақсы көрсеткіштермен астық жинаған диқандарға алғысын білдірді. Әйтеке би, Қарғалы, Мәртөк және Хромтау аудандарының шаруашылықтары ерекше атап өтілді.

"Президенттің тапсырмасын орындау мақсатында Ақтөбе облысы 2022 жылы республикада алғаш болып "Ауыл аманаты" жобасын бастады. Жобаны қаржыландыру көлемі 6,5 млрд теңгені құрады, қосымша 12,5 млрд теңге бөлінді. Қазіргі таңда 6,3 млрд. теңгені құрайтын несие 1 423 жобаға берілді. Жерлестеріміз жылыжай ашып, өнім алып, құс өсіріп, табысқа кенелуде. Бұдан басқа, Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Ақтөбе облысының бірлескен инвестициялық Жол картасына сәйкес, 2023-2026 жылдары 507,9 млрд. теңге сомасына 110 жобаны іске асыру жоспарлануда. Биылғы жылы жоспарланған 22 инвестициялық жобаның 17-сі іске асырылды. Қалған жобалар жыл соңына дейін жүзеге асырылады", -  деп атап өтті Асхат Шахаров.

Облыс басшысы барлық ауыл шаруашылығы еңбеккерлеріне толағай табыстар мен отбасыларына амандық тілеп, саланың дамуына үлес қосқан азаматтарды марапаттады. Облыстық мәслихат шешімімен Серікбай Рзабаевқа "Ақтөбе облысының Құрметті азаматы" атағы берілді. "Облысқа сіңірген еңбегі үшін" төсбелгісі, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің ведомстволық наградалары, Құрмет грамоталары табысталды. Сондай-ақ, озат көкөніс өсірушілер, агрономдар, құс өсірушілер, механизаторлар, комбайншылар, шопандар, сауыншылар және басқа да ауыл шаруашылығы қызметкерлері арнайы сыйлыққа ие болды.

Талқылау