Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбе облысында 25 ауыл газбен қамтылып, 15 ауылда орталық сумен жабдықтау жүргізіледі

Ақтөбеде облыстық мәслихат сессиясында өңір басшысы Асхат Шахаров ауылдағы коммуникацияларды қамтамасыз ету мәселесінің қалай шешілетінін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

"Біздің өңірдің тұрғындарын қызықтыратын негізгі мәселелердің бірі – сумен жабдықтау. Қазіргі уақытта халықтың 99,2% - ы сапалы ауыз суға қол жеткізе алады. Биыл біз 5 мыңнан астам адам тұратын 15 елді мекенге орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесін жүргізу үшін 8,3 миллиард теңге бөлдік. Оның 10 ауылын осы жылдың соңына дейін қосамыз. Осылайша, 2025 жылға қарай Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Ақтөбе облысы ауыз сумен толық қамтамасыз етіледі", - деді әкім. 

Өңір басшысының айтуынша, қазіргі уақытта облыс халқының 95,5%-ы газбен қамтамасыз етілген. Инфрақұрылымды дамыту стратегиясы аясында биылғы жылдың басында ауылдарды газдандыруға 4,1 миллиард теңге бөлінді.

Сондай-ақ, үкімет Ақтөбе облысына тағы 9,2 миллиард теңге бөлу туралы мәселені қолдады. Бұл 11 мыңнан астам адам тұратын 25 ауылға көгілдір отын тартуға мүмкіндік береді. Бұл жобаларды келесі жылы аяқтау жоспарлануда. Жарма, Қаражар, Оймауыт сияқты ең шалғай ауылдардың өзі де назардан тыс қалмайды.

Сонымен қатар, Ақтөбе қаласындағы тұрғын алаптарды су, газ және жарықпен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде. Қала бойынша инженерлік желілерді тартуға бюджеттен 9 жобаға 5,6 миллиард теңге бөлінді. Бүгінгі таңда 54 тұрғын үй массивінің 49-на газ құбыры жүргізілді. 48 массив электрмен қамтамасыз етілген. 36 массивке орталықтандырылған сумен жабдықтау жүргізілген. Қазір бірқатар тұрғын үй алаптарында құрылыс-монтаж жұмыстары жүріп жатыр. Ал қалғандарында ЖСҚ әзірленуде. Ал 8 тұрғын алапта жерасты суларының қорларын анықтау жұмыстары қолға алынды.

Қала маңындағы елді мекендердің тұрғындары 2025 жылға дейін толық коммуникациямен қамтылады.

Талқылау