Ақтөбе облысында әкім өзіне қол жұмсамақ болды
Фото: Stan.kz/ AI Copilot
Ақтөбе облысы Алға ауданына қарасты ауылдардың бірінің 47 жастағы әкімі өз-өзіне қол жұмсамақ болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Аталған жағдай 7 шілде күні болған. Оқиғаны Алға ауданының әкімі Асланбек Шүйіншалиев хабарлады. Оның айтуынша, шенеуніктіі әйелі жағдайдың алдын алған.
"Осыдан кейін бірден ауыр халде ауруханаға түсті. Оған не себеп болғанын айта алмаймын. Бұл жеке мәселе", – деді Шүйіншалиев.
Зардап шеккен әкімнің жағдайы тұрақтанған. Мұны денсаулық сақтау басқармасы хабарлады.
"47 жастағы ер адам Алға аудандық ауруханасына 7 шілдеде түскен. Жағдайы тұрақты, жалпы палатада жатыр", – делінген хабарламада.
Шенеуніктің мұндай қадамға баруына не түрткі болғаны белгісіз. Полиция сотқа дейінгі тергеуді бастады.
"Өз-өзіне қол жұмсау әрекеті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Қылмыстық тергеп-тексеру аясындағы басқа мәліметтер жария етілмейді", – делінген хабарламада.
Айта кетейік, бұған дейін Қостанай әкімдігі ерекше қажеттігі бар адамға сапасы нашар пәтер бергені туралы жазған едік.

"Шетелде билетсіз, қонақүйсіз далада қалдым": Қазақстандықтар авторлық тур сатып аламыз деп 2 млн теңгеге дейін қаражаттарынан қағылған
