Ақтөбе облысына 1 трлн. теңге инвестиция тартылады
Биыл 7 айда Ақтөбе облысының экономикасына 470 млрд. теңге инвестиция тартылды. Өңір тарихында алғаш рет жыл соңына дейін 1 трлн. теңгеден астам инвестиция тарту міндеті қойылды.
Мемлекет басшысының өңірлерді дамыту тапсырмасына сәйкес, 2023-2025 жылдар аралығында облыста 3,1 трлн. теңгеге 17 ірі жобаны іске асыру жоспарланған. Жобаларға тоқталсақ, бүгінде облыста 458 млрд. теңгеге теміржол кластері құрылуда. Оның аясында елімізде алғашқы рет темір-болаттың арнайы маркаларын шығаратын кәсіпорын бой көтереді.
Зауыт шет елдерден жыл сайын 1 млрд. долларға сатып алынатын арнайы болат дайындамаларын өзімізде өндіруге мүмкіндік береді.
Қазақстанда 800 метрлік жіксіз рельстер шығаратын алғашқы кәсіпорын және батыс өңірлерінің аумағында теміржол дөңгелектер шығаратын алғашқы зауыт іске қосылады. Болашақта бұл өндірістік кәсіпорындар "Қазақстан Темір Жолы" Ұлттық компаниясының қажеттіліктерін толығымен қамтамасыз етеді.
Ақтөбе облысында медицина саласын дамыту мақсатында жалпы құны 40 млрд. теңгеден асатын ядролық медицина орталығы бар клиника, медициналық техника мен бұйымдар шығаратын зауыт, сондай-ақ Орта Азия елдерінде алғаш рет диализатор шығаратын зауыт бой көтереді.
Ішкі нарықты қажетті мұнай жабдықтарымен қамтамасыз ету мақсатында "Қазақстандық мұнай жабдықтар" кәсіпорны мобильді бұрғылау қондырғылары мен фонтандық арматурасын шығаратын Қазақстандағы алғашқы зауыт іске қосылады.
Ақтөбе облысында қуаттылығы жылына 1,2 млн.тонна болатын цемент өндіру зауытының құрылысы жоспарлануда. Бұл кәсіпорын Ақтөбе облысын ғана емес, еліміздің батыс өңірін толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Бүгінде өңірде қой жүнінен жылу сақтайтын құрылыс материалдарын өндіретін зауыт салынуда. Қазіргі кезде жүн қабылдау жұмыстарын бастап кетті. Бұл жоба республикадағы теңдесі жоқ бірегей жобалардың бірі болмақ.
"Қазахинвест" ҰК АҚ Ақтөбе облысы бойынша филиалының директоры Бекзат Сағынғалидың айтуынша, экономикасын дамытуға ден қойған кез келген өңір алдымен қаржы мәселесін мықтап қолға алуы керек. Бұл орайда Ақтөбе облысы биыл зор жетістікке қол жеткізіп отыр.
“Еліміздің инвестициялық ахуалын жақсарту — Үкіметтің негізгі міндеттерінің бірі. "Қазахинвест" компаниясының миссиясы — экономиканың басым секторларына шетелдік инвестицияларды тарту арқылы еліміздің, оның ішінде тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуына өз септігін тигізу. Ұлттық компания негізгі бағыттарының бірі — облысқа жаңа инвесторларды тарту, өңірдің шетелдегі инвестициялық имиджін ілгерілету, құқықтық сүйемелдеу. Биыл біздің облыс тарихында алғаш рет жылдың соңына дейін 1 триллион теңгеден астам инвестиция тартылмақ. Бұл орайда облысқа тікелей инвестиция тарту тұрғысынан биылғы жыл Ақтөбе үшін табысты болмақ. Ал алдағы үш жыл ішінде өңірде 3,1 триллион теңгеге 17 ірі жоба іске асырылса, тіпті, облыс экономикасы қарыштап дамиды”, — дейді ол.
Қазіргі таңда Ақтөбе облысында ірі ERG компаниясымен 1,1 трлн. теңгеге жобалар іске асырылуда. Нақтырақ айтсақ, 1973 жылдан бастап Дөң тау-кен байыту комбинатында жиналған шламдарды қайта өңдеу фабрикасы іске қосылып, ферроқорытпа зауыты мен Ақтөбе қаласының энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін қуаты 100 МВт дейін кәдеге жарату станциясы өз жұмысын бастайды. Сондай-ақ, ERG компаниясы "Қазақстан тәуелсіздігінің 10 жылдығы" шахтасының екінші кезегін салу бойынша 878 млрд. теңгеге ірі жобаны іске асырмақ.
Ақтөбе облысында құны 198 млрд.теңге болатын жалпы қуаты 305 МВт баламалы электр энергиясын өндіретін 3 жобаны жүзеге асыру жұмыстары басталды.
Бұдан бөлек, қосымша 193 млрд.теңгеге қуаттылығы 400 МВт құрайтын жел электр станциясын жүзеге асыру бойынша келісімге қол қойылды.