Ақтөбе облысы әкімінің бұрынғы орынбасары 12 жылға бас бостандығынан айырылды
Ақтөбе облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Руслан Мамунов Қостанайдың бұрынғы әкімі Ахмедбек Ахметжановтың туыстарынан 1,2 миллион доллар заңсыз алғаны үшін кінәлі деп танылды. Айыптау үкімін Нұр-Сұлтанның қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты шығарды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Мамунов таныстарының туысы - Қостанайдың бұрынғы әкімі, сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін сотталғанын біліп, оларды алдаған.
"Мамунов сот жүйесіндегі таныстары бар екенін айтып, бұрынғы әкімге жазаны жеңілдетуге және тәркіленген мүлікті қайтаруға көмектесуге уәде берді.1,2 миллион доллар сомасында олардан қаражат алған. Бұл қаражатқа пәтер мен автокөлік сатып алған, - делінген сот материалдарында.
Мамуновтың кінәсі куәгерлердің айғақтарымен, олардың арасындағы әңгімелердің аудиожазбасымен, сондай-ақ сараптама қорытындыларымен дәлелденді.
Заң бойынша, егер адам пара беру сылтауымен мүлікті ұрласа, онда мұндай әрекеттер алаяқтық және пара беруге итермелеу деп есептеледі.
Руслан Мамунов үш қылмыс үшін аса ірі мөлшерде алаяқтық және қылмыстық құқық бұзушылыққа қатысу, айдап салушылық, басқа адамды азғыру, сатып алу, қорқыту жолымен немесе басқа да тәсілмен қылмыстық құқық бұзушылық жасауға көндіру, сондай-ақ аса ірі мөлшерде пара бергені үшін айыпталды.
Сот үкімімен Мамунов қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде жазасын өтеумен 12 жылға бас бостандығынан айырылды. Мамунов сондай-ақ өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айырылды. Ұрланған ақшаға сатып алынған мүлік тәркіленді - екі автокөлік және екі бөлмелі пәтер. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Астана әкімдігі сенбілікте пластик жинағандарға қағаз салфетка таратқан: Экологтар бұның үлкен қате екенін айтып, дабыл қақты
