Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбе облысындағы жасөсіпірімнің өлімі: Полиция күдіктілерге қатысты қылмыстық істің бабын өзгертіп жіберген

Ақтөбе облысы Қопа ауылында әлімжеттіктің құрбаны болған оқушының туыстары қылмыстық істің бабын ауыстыруды талап етеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Видеодан скрин

Қопа ауылында жоғары сынып оқушыларының соққысынан кейін көз жұмған 14 жастағы Нұржан Сыдықовтың туыстары тергеу жүргізіп жатқан құзырлы орган өкілдерінің әрекетіне наразы. Полицейлер "адам өлтіру" бабы бойынша қозғалған істі сотқа аз уақыт қалғанда "абайсызда кісі өліміне әкеп соққан денсаулыққа ауыр зиян келтіру" бабына өзгертіп жіберген. 

“Ол жерде бір емес, екі емес, көп адам қатысқан. Сондықтан біз бұл іс адам өлімі деген баппен тергелуін талап етеміз. Біздер төрт ай бойы қуанып, 99-баппен тергеліп жатқанына қуанып жүрген болатынбыз. Әділ тергеліп жатыр деп. Қазір енді 106-баппен біз келіспейміз”, – дейді марқұмның әпкесі Аяжан Сыдықова. 



Полиция қызметкерлері баптың өзгертілу себебін айтпады. Полиция тек іс жақын күндері сотқа жіберіліп, жан-жақты қаралатынын мәлімдеді. 

“Қылмыстық істі "кісі өлтіру" бабынан “адам өліміне әкеп соққан денсаулыққа ауыр зиян келтіру" бабына қайта саралау туралы іс жүргізу шешімі қабылданды. Қазіргі уақытта қылмыстық іс аяқталды және процеске қатысушылармен танысу жүргізілуде. Танысқаннан кейін қылмыстық іс заңды шешім қабылдау үшін сотқа жіберіледі”, – деді Ақтөбе облыстық полиция департаменті баспасөз хатшысы Ерболат Сарқұлов. 

Еске салсақ, бұған дейін Ақтөбе облысында жасөспірімдер арасындағы жанжалда 9-сынып оқушысы Нұржан Сыдықов көз жұмғаны туралы жазған едік. Нұржан қайтыс болғаннан кейін көп ұзамай әпкесі Аяжан Сыдықова мектепте әлімжеттіктің өршіп тұрғанын мәлімдеген еді. Оның айтуынша, 11-сынып оқушыларының айтуымен 10-сынып оқушыларын Нұржанды ұруға мәжбүрлеген көрінеді. Бұл деректі бас прокурор Берік Асылов та растап, істің тергеу барысын жеке бақылауына алғанын мәлімдеді. Жасөспірімнің өліміне қатысты 6 оқушы қамауға алынған.

Талқылау