“Ақтөбе” футбол клубы кәсіпкер Нұрлан Артықбаевтың иелігіне өтеді

Еліміздегі тағы бір футбол клубы жекеменшікке берілмек. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Белгілі болғандай, “Ақтөбе” футбол клубының жаңа иесі – Qazaq Stroy компаниясының басшысы, кәсіпкер Нұрлан Артықбаев болмақ.
Бұл туралы Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров мәлімдеді.
"Кәсіпкер анықталды. Бір-екі айдың ішінде жұмысты толық аяқтаймыз деп ойлаймын. Qazaq Stroy компаниясының жетекшісі клубқа қызығушылық танытты. Өзі Ақтөбеден шыққан, бала кезінде ата-анасымен бірге стадионға барып, клубқа жанкүйер болғанын айтты. Президенттің тапсырмасын орындауға дайын екенін жеткізді", – деді Шахаров.
Нұрлан Артықбаев – 2023 жылы біріктірілген Qazaq Stroy және Exclusive Qurylys компаниялар тобының негізін қалаушы әрі негізгі иесі. Сонымен қатар ол 2024 жылдың төртінші тоқсанында Jusan Bank-тен сатып алынған Telecom Systems Ltd. арқылы "Қазақтелеком" АҚ-ның 9,19% үлесін басқарады.
2025 жылғы Forbes Kazakhstan рейтингінде кәсіпкер 44-орынға ие болған. Айта кетейік, бұған дейін астаналық “Жеңіс” клубын Kaspi.kz компаниясының басшысы әрі тең құрылтайшысы Михаил Ломтадзе, ал Петропавлдың “Қызылжар” клубын кәсіпкер Сергей Кан сатып алған еді.

