Ақтөбе әкімі өңір туралы кәдесый кітап шығаруға бюджеттен 100 миллион теңгеден аса қаражат бөлген

Фото: Stan.kz
Ақтөбеде әкімдік “Ақтөбе қаласының тарихы” атты үш тілдегі интерактивті цифрлық жинақ үшін бюджеттен 100 миллион теңгеден аса ақша бөлген. Тікелей келісімшарт арқылы жүргізілген мемлекеттік сатып алу қоғам сынына ұшырады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
2023 жылы Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекеттің қарамағындағы қызметкерлер 45 миллион теңгеге 1000 дана кәдесый кітап шығарды. Бір кітаптың шығару құны – 45 мың теңге. Алғы бетінде қала әкімінің құттықтауы бар. Цифрлық жинақта Ақтөбенің тарихы мен адамдары туралы мәлімет бар. Қала өмірінің суреттерін топтастырған.
Ал 2024 жылы дәл осы атаумен жинаққа екінші рет 2000 дана – 67 миллион теңгеге тапсырыс берген. Мұнда да облыс әкімінің құттықтауы бар. 400 беттен тұратын кітапты екі жыл қатарынан бір мердігер шығарды. Мердігер – Орал қаласындағы компания. Кітапта Ақтөбе облысының бұрынғы әкімі Ералы Тоғжановтың да суреті жүр.
Әкімдіктің бұл әрекеті желіде сынға ілікті. Желі қолданушылары президенттің бюджет қаржысын үнемдеу тапсырмасы аясында мұқтаж тұрғындардың мәселесін шешуге болар еді деп жазған.
Ақтөбе қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Гүлжайна Қаздукқызы Бисенғалиева қала әкімдігі тапсырыс берген мерейтойлық кітаптар бойынша түсініктеме берді. Бөлім басшысы қазір құқық қорғау органдарына барлық материал мен келісімшарттар тапсырылып, тексеріс жүріп жатқанын растады.
“Бұл әкімдіктің шешімімен жүзеге асты. Ресми таныстырылымы да болды. Кітап 3D форматта дайындалған, заманауи технологиямен жабдықталған. Телефон арқылы оқуға, ескерткіштерді айналдырып көруге мүмкіндік береді. Бұл – кәдесый түріндегі жинақ. 2023 жылы 1000 данамен шықты. Құны – 45 миллион теңге. Қала әкімі Азамат Бекеттің алғысөзімен жарық көрді. 2024 жылы таралымды 2000 данаға көбейтіп шығардық. Оған 67 миллион теңге жұмсалды. 155 жылдық мерейтой аясында марапат иелеріне, форум қонақтарына таратылды. Қазір құқық қорғау органдарына материалдар, келісімшарттар беріліп жатыр. Биыл мамыр айында қалалық мәдениет үйіне жоспарлы тексеріс өтті. Жоспардан тыс та тексеріс әлі жүріп жатыр”, – деді бөлім басшысы.
Оның айтуынша, 2023 жылғы басылымға зерттеу, материал жинау, мәтін дайындау, ғалымдармен жұмыс кіреді. Ал 2024 жылы тек таралым ұлғайған.
Қазақстандық қария 67 жылдан кейін бауырымен қауышты: Олар бір-бірін TikTok арқылы тапқан