Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбеде қытайлық компанияның бухгалтері мен директордың орынбасары 6 млрд теңгеден астам қаржы жымқырды деп айыпталды

Фото: istockphoto.com

Ақтөбе соты “Ту-Ха” компаниясының екі қызметкеріне қатысты ақша жымқыру және ақша жылыстату дерегі бойынша үкім шығарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Аталмыш компания Қытайдың CNPC корпорациясының құрамына кіреді.

Бұл қылмыстық іс қазіргі уақытта Ақтөбе қаласының №2 сотында қаралып жатыр. Мемлекеттік айыптау нұсқасы бойынша, “СНПС Ақтөбемунайгаз” АҚ-тың еншілес компаниясы болып табылатын “Ту-Ха” ЖШС-ге келтірілген жалпы залал 6 миллиард 116 миллион 310 мың 603 теңге 77 тиынды құрайды.

Айыптау актісінде айтылғандай, “Ту-Ха” мұнай технологиялық қызмет көрсету компаниясының бухгалтері Салтанат Конгалеева мен бас директордың орынбасары Гульнара Оразова достары мен туыстарының атына кәсіпорындар тіркеген. 2006 жылдан 2020 жылға дейін осы жалған компанияларға көрсетілмеген қызметтер үшін ақша аударылып отырған. Тергеу мәліметінше, ұрланған миллиардтарды қолма-қол ақшаға айналдыруға Конгалееваның азаматтық күйеуі, ағасы мен құрбысы көмектескен. Олар да өз атына және туыстарының атына “жалған” фирмалар ашқан.

Осылайша, 14 жыл ішінде әйелдер компаниядан 6 миллиардтан астам теңгені жымқырды деген күдікке ілінді. Айыптау актісінде Оразова мен Конгалеева банкте компания директоры Цао Саньюаньның жалған қолтаңбасымен төлем тапсырмаларын ұсынғаны, сол арқылы “Ту-Ха” есебінен ақша заңсыз аударылғаны жазылған.

Іс материалдарына сәйкес, ұрланған қаржыға қымбат көліктер мен пәтерлер сатып алынған.

“Ұрлық белгілері анықталған соң, қылмыстық жауапкершіліктен жалтару мақсатында Оразова мен Конгалеева компанияның бас директоры Сао Цюаньды Қазақстаннан шығару процедурасын бастаған. Ақтөбе әкімшілік соты оны елден шығару туралы шешім қабылдағанымен, жоғарғы сот бұл шешімнің күшін жойған”, – делінген айыптау актісінде.

Алайда күдіктілер айыптау актісімен келіспейді. Олардың айтуынша, қытайлық компания көп жылдан бері ақшаны қолма-қол ақшаға айналдырып, салық төлеуден жалтарған және капиталды елден шығарумен айналысқан. Артынша Қазақстан азаматтарына жалған айып тағып, ұрлық жасалғаны туралы хабарлаған.

Конгалеева өз сөзінде Қытайдан келген басшылықтың ақшаны қолма-қол алу үшін фирмалар ашуды өтінгенін, ол үшін сыйақы ұсынғанын айтты. Айыпталушының айтуынша, қытайлық тарап салықтың 3% мөлшерлемесі бар жеңілдетілген режимдегі фирмаларды ашуды талап еткен. Күдіктілердің қорғаушылардың пікірінше, бұл әрекеттер компанияның шығындарын көбейтіп, 20% мөлшеріндегі корпоративтік табыс салығын (КТС) төлеуден жалтаруға бағытталған.

Тергеу кезінде Конгалеева “Ту-Ха” компаниясына ешқандай тауар жеткізілмегенін мәлімдеген. Көп жылдар бойы ол өз шоттарынан және басқа фирмалар шоттарынан ақша шешіп, оны “Ту-Ха” директоры немесе оның өкіліне қайтарып берген. Ал олар қолма-қол ақшаны Қытайға алып кеткен немесе жалған валюталық келісімшарттар бойынша аударған. Бұл келісімшарттар да компания шығыны ретінде көрсетілген.

Қорғау тарабының айтуынша, “Ту-Ха” компаниясының ғылыми-техникалық базасы, зертханасы, тиісті бағдарламалық қамсыздандыруы және білікті персоналы болмағанына қарамастан, ол “СНПС Ақтөбемунайгаз”, “СП Куат Амлон Мунай”, “СНПС Айдан Мунайгаз” және басқа компаниялардан миллиардтаған теңгеге техникалық қызмет пен инженерлік зерттеулер бойынша келісімшарттар алған. Бұл келісімшарттар үкіметтік жобалар құрамына кіретін. Қорғаушылардың нұсқасы бойынша, бұл табыстардың бәрі не қолма-қол айналдырылған, не бірден Қытайға жалған халықаралық келісімшарттар арқылы аударылған.

Қорғаушылар тағы бір маңызды жайтқа назар аударуда: 2006 жылдан 2020 жылға дейін “Ту-Ха” ЖШС кіріс келісімшарттары бойынша 31,2 миллиард теңге табыс тапқан, бірақ корпоративтік табыс салығына тек 174 миллион теңге (яғни, 20% орнына 0,5%) ғана төлеген. 2008 жылы компания ресми түрде 15 млн теңге пайда тапқанымен, ұрланған сомма 245 млн теңге болған. 2009 жылы пайда 43 мың теңге, ұрланған сомма 105 млн теңге, 2010 жылы пайда – 25 млн теңге, ұрланған сомма – 289 млн теңге, 2018 жылы пайда — 104 млн теңге, ұрланған сомма – 1,3 млрд теңге деп көрсетілген.

Мұнай-газ саласы бойынша сарапшы Нұрлан Жұмағұлов өзінің Telegram арнасында үкімге қатысты пікір білдірді. 

“Айыпталушының айтуынша, компанияның шығындарының тағы бір бөлігі – іссапар шығындары: әрбір қытайлық қызметкердің Қазақстанға келуіне көп қаражат жұмсалған. Жалпы алғанда “Ту-Ха” қызметкерлерінің іссапарына 4,5 миллион доллар жұмсалыпты. Сонымен қатар, компания шенеуніктерге сыйлықтар жасаған: шетелге сапарларын төлеп беріп, қымбат телефондар, элиталық иіссу, сағаттар, фитнес орталықтарына абонементтер және тағы басқа заттар сыйлаған”, – делінген сарапшының жазбасында. 

Ақшаны “жеңілдетілген” салық режиміндегі жалған компаниялар арқылы қолма-қол ақшаға айналдырған.

“Сандарды қайта тексердім, сәйкес келеді. Егер 2006 жылдан 2020 жылға дейінгі 14 жылда корпоративтік табыс салығы бойынша төлемдер тек 174 миллион теңге болса, соңғы төрт жылда – 700 миллион теңге. Айырмашылықты сезіп тұрсыз ба? Орташа есеппен компания жыл сайын ана компаниясы “CNPC-Актөбемұнайгаздан” 2 миллиард теңгеден тапсырыс алып отырған және әлі де алып келеді. Осы секілді жеткізушілер өте көп”, – дейді Нұрлан Жұмағұлов. 

Айта кетейік, “Ту-Ха” – “СНПС-Актөбемұнайгаз” ЖШС құрылымына кіретін кәсіпорын, ал ол Қытайдың ең ірі мұнай-газ компаниясы CNPC корпорациясының бақылауында. Биыл “СНПС-Актөбемұнайгаз” ЖШС нарықтағы үстем жағдайын теріс пайдаланғаны үшін жауапкершілікке тартылған.

Дана Русланқызы
Жұма, 17 Қазан, 2025 21:59