Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбеде 110 металлург жеңілдетілген несиемен баспаналы болады

Ақтөбе облысының металлургтері 2024 жылдан бастап Отбасы банктен жеңілдетілген заем рәсімдеу мүмкіндігіне ие болды. Енді "Қазхром" ТҰК" АҚ компаниясының қызметкерлері 10 % алғашқы жарна құйып,  5 % жылдық мөлшерлемемен (ЖТСМ 5,2%-дан бастап) баспаналы бола алады. Бұл туралы Stan.kz тілшісі хабарлайды.

Бүгін Ақтөбе облысының әкімдігінде жеңілдетілген несиелеу бағдарламасымен баспанаға қолжеткізу мүмкіндін туғызатын үшжақты меморандумға қол қойылды. Өзара әріптестік келісім Ақтөбе облысының әкімдігі, Eurasian Resources Group және Отбасы банк өкілдері арасында өтті.  Аталған бағдарламаны жүзеге асыру үшін әр тарап 700 млн теңгеден бағыттайды. Бөлінген 2,1 млрд теңге бюджетке 110 отбасы баспаналы бола алады.

Өзара әріптестік туралы үшжақты меморандумға Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуов, "Отбасы банк" АҚ Басқарма төрайымының орынбасары Нұрлан Ақшанов пен Eurasian Resources Group Бас директорының қаржы жөніндегі орынбасары Данияр Рахматуллаев қол қойды.

“Биыл біз Ақтөбе облысында рекордтық көлем – 1 млн 266 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Бұл көптеген отбасының тұрмыс жағдайын жақсартып, аймақтың инвестициялар мен өмір сүруге тартымдылығын арттырады. Ақтөбе ферроқорытпа зауытының қызметкерлеріне, қарапайым еңбек адамдарына жеңілдікпен бапана алу мүмкіндігін ұсына отырып, біз олардың орнықты әрі тұрақты дамуына көмектесеміз. Облыс әкімдігі әрдайым осындай әлеуметтік маңызды жобаларды қолдайды. Өзге де қуатты кәсіпорындарды ERG тәсілін қолданып, Отбасы банкімен біріге Корпоративтік өнім бағдарламасын қолдануға шақырады,” - деді Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуов. 

Зауыт қызметкерлері арасында баспананы үлестіруде әкімдікте кезекте тұрғандарға басымдық беріледі. Металлургтер Ақтөбеде алғашқы немесе екінші нарықтағы пәтерлерді өздері таңдайды. 

“Бүгін өте қуанышты жағдай. Отбасы үшін жеке баспана маңызды мәселеге айналды. Жұмысшылардың өтініші болды бұл. Келесі жылы металлургтердің жағдайын көтеру үшін пәтерлер алынады. Екі тарап қорға 700 млн теңге бөледі. Сөйтіп қаржы 2,1 миллиард теңге болады. Тек жаңа үйлерді емес, сонымен бірге нарықтағы кез келген пәтерді ала алады. Соңғы 14 жылда шамамен 2 мың отбасы баспаналы болды. Әкімдік пен Отбасы банкке көп рахмет”, - деді Eurasian Resources Group Бас директорының қаржы жөніндегі орынбасары Данияр Рахматуллаев. 

Үйлі болудан үміттілер тізімін "Қазхром" ТҰК" АҚ-дағы тұрғын үй комиссиясы жасайды. Бағдарламаға соңғы 5 жыл өзінің және отбасы мүшелерінің атында ел аумағында баспанасы болмаған, үйге мұқтаж қызметкерлер қатыса алады. 

Іріктеуден өткендер міндетті 10 пайыздық алғашқы жарнаны салған соң, Отбасы банк оларға 5% үстемемен (ЖТСМ 5,2%-дан бастап) жеңілдетілген заем береді. Оның максималды көлемі – 20 млн теңге. Алайда бағдарламаға қатысушы одан да қымбат пәтер алғысы келсе, қалғанын жеке қаражаты есебінен немесе зейнетақы жарнасынан артылған салымын пайдалана алады. 

“Қазір қаладағы құрылыс компанияларымен келісім жүріп жатыр. ERG компаниясы пәтер кезегінде тұрғандарға басымдық береді. Олардың ішінде көп балалы отбасы, мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырғандар болуы мүмкін. Біз Қазақстанда үшінші жыл осы бағытта жұмыс істеп жүрміз. Павлодар, Қостанай, Қарағандыда болды. Ақтөбеге де жетті. Шамамен 600-ден астам отбасы баспаналы болды. Әр отбасында шамамен 3-4 адам бар деп есептесек, 2 мыңнан астам адам баспаналы болды деп айтуға негіз бар”, – деді "Отбасы банк" АҚ Басқарма төрайымының орынбасары Нұрлан Ақшанов.

Жалпы Отбасы банк күн сайын 250 отандасымыздың жеңілдетілген шартпен баспаналы болуына септігін тигізеді. Қаржы құрылымында болашақта баспана алу мақсатымен ашылған бас-аяғы 2,7 млн депозит бар. 

Талқылау