Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандықтың дилерлік орталыққа апарған көлігін қызметкерлер айдап кетіп, соғып тастаған

дилерлік орталыққа апарған көлігін қызметкерлер айдап, соғып тастағанФото: Видеодан скрин

Маңғыстау тұрғыны автосалонға жөндеуге қалдырған көлігімен орталық маманы жол апатына түскен. Көлік иесі шығынды өтеуді талап етсе, салон басшылығы жағдайды жасыруға тырысқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Бисенбай Жалғабаев екі жыл бұрын көлікті 17 миллион 500 мың теңгеге несиеге сатып алған. Алайда шілде айының ортасында машинадан ақауды байқап, оны жөндету үшін дилерлік орталыққа өткізген. Бірақ арада бірнеше күн өткен соң темір тұлпардың жол апатына түскенін таныстарымнан білдім дейді. 

"Бұлар жол апатын жасап алып, маған ешнәрсе айтпай, көлікті техникалық қызмет көрсету станциясына апарып, жөндетіп тастамақ болды ма, түсінбедім. Апаттың болғанын менен жасырып келген. Жол-көлік оқиғасы шамамен сағатына 100 шақырым жылдамдықпен болған сияқты. Көлік қатты зақымданған. Лонжерон майысып кеткен, бір жақтағы қанаты мүлде жоқ деуге болады. Есігі майысқан, ал екінші жағында тағы бір соққының ізі бар", – деді Бейнеу тұрғыны Бисенбай Жалғабаев.

Жігіт ағасы автосалон көлікті жөндеп беру туралы ұсыныс жасағанын айтты. Алайда ол мұнымен келісіп отырған жоқ. Ол машинаның қаңқасы жөнделгенімен, негізгі бөлшектері толық қалпына келмейді деп отыр. Ал дилерлік орталықтың басшысы мәселені шешеміз деп қысқа қайырды. 

Дилерлік орталықтың директоры Алихан Қоныс қызметкер көлікті жұмыс үшін пайдаланғанын айтады.

"Алдын ала тұтынушымен мессенджер арқылы хабарласып, трассаға шығуға рұқсат алғанбыз. Өйткені олардың шағымы бойынша көліктегі ақау тек жоғары жылдамдықта ғана байқалған. Қазір ішкі тексеріс жүргізіп жатырмыз. Ең алдымен клиенттің мәселесін әділ әрі жан-жақты шешуіміз қажет", – деді дилерлік орталықтың директоры.

Ал заңгер Аржан Сәдуақас мұндай жағдайдың елде жиі болатынын айтады. Маман әр азаматты сотқа жүгініп, өз құқығын қорғауға шақырады. 

"Негізінен, бізде Қазақстанда тұтынушылардың құқығын қорғау өте төмен деңгейде. Жасанды тосқауыл жасап тастаған. Азамат өзінің құқығын қорғау үшін ана тосқауылдан өтемін дегенше ол сотқа бармай да қалады. Егер тұтынушы өзінің құқығы бұзылса, осындай жасанды тосқауылдардан өтіп, бәрібір сотқа дейін жеткізіп, өзінің құқықтарын қорғауға тырысу керек", – деді Аржан Сәдуақас.

Бисенбай Жалғабаев дилерлік орталыққа "соғылған көліктің орнына жаңасын берсін немесе несиемді толық өтеп берсін" деген талап қойып отыр. Ол істі соңына дейін жеткізуге бекінген.


KIA автокөліктерінің ресми дилері клиенттерін қосымша жабдық сатып алуға мәжбүрлеп келген


Еске салайық, бұған дейін Қазақстандық су жаңа көлігінен кінәрат табылған соң салонды сотқа беріп, 20,5 миллион теңге өндіріп алғанын жаздық. Белгілі болғандай, жаңа көлік дилердің алғашқы техникалық қызмет көрсетуінен соң бұзыла бастаған. Тұтынушының айтуынша, қозғалтқышқа құйылған май келесі күні сүзгі арқылы сыртқа ағып кеткен. Одан соң көлік бір ай сервистік орталықта тұрған.

Айым Атамбаева
Дүйсенбі, 28 Шілде, 2025 10:17
Талқылау
`