Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтаудағы жаттықтырушы қыздың өлімі: Басты күдікті өмір бойына бас бостандығынан айырылды

Ақтауда қызды көлікке күштеп отырғызып, зорлап, есірткі қолдануға мәжбүрлеген бір топ ер адамға қатысты сот үкімді өзгертті. Басты күдікті өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Марқұмның бауырының мұрағатынан

Бұған дейін, 29 жастағы фитнес-жаттықтырушы Алина Серікова қорқытудан кейін өз-өзіне қол жұмсаған еді.  Бір топ жігіт спортшы қызды көшеде ұрлап әкетіп, ұзақ уақыт қинаған. Бірінші сатыдағы соттың шешімімен бес айыпталушы ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылған.  Бірақ Серікованың отбасы үкімді әділ деп санамаған. 



Осылайша 30 қаңтарда Алинаның зорлау ісі бойынша сотқа апелляциялық шағым түсіру үшін ондаған адам жиналды. Оның інісі басты айыпталушыны өмір бойына бас бостандығынан айыруды талап етті. 

Шешім 31 қаңтарда жарияланды. Нұргелді Сейітқалиев өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Қалған айыпталушылар Еркебұлан Аманқос – 16 жыл, Аралбай Мерей – 13 жыл, Дархан Құлбас – 13 жыл, Қуаныш Үсенғали – 13 жылға сотталды. 

Маңғыстау облыстық соты үкімге түсініктеме берді. Апелляциялық сот алқасы қылмыстық іс материалдарын зерделеп, сот үкімін бұзып, жаңа айыптау үкім қабылдаған.

“Сот алқасымен анықталғаны, сотталушылар Аралбай Мерей, Жалғас Үсенғалиев пен Дархан Құлбас және Нұргелді Сейітқалиев телеграм каналы арқылы "Мефедрон" психотроптық заттарын заңсыз сатып алған. Есірткілік масаң күйде сотталушылар жәбірленушіні ұрып-соғып, күштеп автокөлікке отырғызып, ұрлап кеткен. Арада біраз уақыт өткен соң, сотталушылар Аралбай Мерей, Жалғас Үсенғалиев пен Дархан Құлбас жәбірленушіні сотталушылар Нұргелді Сейітқалиев пен Еркебұлан Аманқостың қастарында қалдырып, оқиға орнынан кетіп қалған" –делінген ахабарламада.

Әрі қарай, Нұргелді Сейітқалиев автокөлік ішінде жәбірленшуіні күш қолданамын деп қорқытып, психотроптық зат "мефедронды" қолдануға мәжбүрлеп, сексуалдық сипаттағы өзге әрекеттер мен еркінен тыс зорлаған.

Жәбірленушіні жанармай бекетінде таңға дейін бір бөлмеде ұстап, заңсыз бас бостандығынан айырған. Әрі қарай, қорқытып, ақша талап етіп, ұялы телефоны арқылы "Каспий банктен" 2 млн. теңге несие рәсімдеп, оны қолма-қол алып, жәбірленушіні түсіріп кеткен. Сотталушылардың іс-әрекеттері жәбірленушіні өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізген.

Нұргелді Сейітқалиев өткізу мақсатынсыз психотроптық затты заңсыз сақтағаны, адам ұрлағаны, психотроптық затты тұтынуға итермелегені, жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері, зорлау, бас бостандығынан айыру, бопсалау, өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізгені үшін кінәлі деп танылды.

Еркебұлан Аманкос адам ұрлау, жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттеріне, зорлауға көмектескені үшін кінәлі деп танылды.

Қалған үшеуі психотроптық затты сату мақсатынсыз заңсыз сақтағаны, адам ұрлағаны, өззін-өзі өлтіруге дейін жеткізгені үшін кінәлі деп танылды.

Сотталушылардан жәбірленушінің пайдасына ортақ тәртіппен 19 618 415 теңге сомасында материалдық залал және 30 000 000 теңге мөлшерінде моральдық зиян өндірілді.

Айта кетейік, бұған дейін Ақтауда бір топ ер адамның қызды көлікке күштеп отырғызып, зорлап, есірткі қолдануға мәжбүрлегені туралы ақпарат тарағанын жазған едік. Марқұмның інісі жағдай туралы толық айтып берді.

Талқылау