Ақтаудағы ұшақ апатында қаза тапқан қазақстандықтардың отбасыларына берілетін төлем мөлшері белгілі болды
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ақмәди Сарбасов Ақтаудағы ұшақ апатында қаза тапқан қазақстандықтардың отбасыларына қандай көмек көрсетілетіні туралы айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: ТЖМ
Вице-министрдің айтуынша, қаза тапқандар мен олардың отбасы мүшелерінің әлеуметтік жағдайын анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қаза тапқан қазақстандықтар отбасыларының асыраушысы болған жағдайда отбасыларға асыраушысынан айырылуына байланысты мемлекеттік жәрдемақы тағайындалады. Қаза тапқан азаматтар міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушылары болса, олардың отбасыларына мемлекеттік жәрдемақыдан бөлек мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан да төлемдер төленеді.
"Жергілікті жүйе арқылы демеушілермен және жұмыс берушілермен бірге жұмыс істейтін боламыз. Әрине, бір реттік көмек көрсетіледі. Қазір мөлшері анықталуда. Кепілдендірілген мемлекеттік төлемдерге келсек, республикалық бюджет арқылы әрбір отбасыға тиісті төлемдер төленетін болады", – деді Сарбасов.
-
"Әйелі мен төрт баласы қалды": Ұшақ апаты кезінде қаза тапқан қазақстандық мұнайшылар туралы не білеміз
Вице-министр төлемнің шамамен қандай көлемде болатынын атап өтті.
"Асыраушысынан айырылғандарға 138 мың теңге көлемінде көмек көрсетіледі. Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры арқылы 257 мың теңге", – деді вице-министр.
Вице-премьер Қанат Бозымбаев бұл отбасыларға ай сайын 500 мың теңге көлемінде жәрдемақы берілетінін мәлімдеді.
"Егер көп балалы отбасы болса, бұл сома көбірек болуы да мүмкін. Кепілдендірілген мемлекеттік төлемдерге келсек, 5 миллион теңге көлемінде біржолғы көмек көрсетіледі", – деді Бозымбаев.
Еске салсақ, бұған дейін Әзірбайжан әуе компаниясына тиесілі Embraer E190AR ұшағы Ақтау қаласындағы әуежай маңында апатқа ұшыраған еді. Ұшақта барлығы 67 жолаушы, оның ішінде 6 қазақстандық болған. Бортта болған қазақстандықтардың барлығы қаза тапты. Ұшақ апатында қаза болған қазақстандықтардың аты-жөндері белгілі болды. Қаза тапқан Қазақстан азаматтарының төртеуі Маңғыстау облысының, біреуі Қостанайдың, біреуі Астана тұрғыны болғандары анықталды.