Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтаудағы ұшақ апаты: Әзірбайжан Шешенстанға прокурорлар тобын жіберді

Әзірбайжанның Бас прокуратурасы Ақтау маңындағы ұшақ апатын тергеуге қатысып, бір топ қызметкерін Грозныйға жіберді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: AFP 

Құқық қорғау қызметкерлері Ақтау маңында жолаушылар ұшағы апатының себептерін анықтауды жалғастырып жатқанын хабарлады. Бұл шаралар ел президенті Ильхам Әлиевтің тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатыр. 



"Осы мақсатта Бас прокуратураның бір топ қызметкері Грозный қаласына жіберілді. Ресей Федерациясының Бас прокуратурасымен жасалған келісім аясында ресейлік әріптестермен бірлесіп тергеу және басқа да процессуалдық әрекеттер жүргізіліп жатыр", – делінген хабарламада.

25 желтоқсанда Бас прокурордың орынбасары Эльмар Жамаловтың жетекшілігімен тағы бір прокурорлар тобы Ақтауға жөнелтілді. Оқиға орнында қазақстандық әріптестерімен бірге қажетті шаралар жалғасып жатыр. 

Еске салсақ, бұған дейін Әзірбайжан әуе компаниясына тиесілі Embraer E190AR ұшағы Ақтау қаласындағы әуежай маңында апатқа ұшыраған еді. Ұшақта барлығы 67 жолаушы, оның ішінде 6 қазақстандық болған. Бортта болған қазақстандықтардың барлығы қаза тапты. Ұшақ апатында қаза болған қазақстандықтардың аты-жөндері белгілі болды. Қаза тапқан Қазақстан азаматтарының төртеуі Маңғыстау облысының, біреуі Қостанайдың, біреуі Астана тұрғыны болғандары анықталды.

Сондай-ақ еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ақмәди Сарбасов Ақтаудағы ұшақ апатында қаза тапқан қазақстандықтардың отбасыларына қандай көмек көрсетілетіні туралы айтқан еді.

Талқылау