Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Instagram-да жалған уәде берген қазақстандыққа 800 мың теңге айыппұл салынды

Фото: Pixabay.com

Ақтау қаласының әкімшілік құқықбұзушылық істер жөніндегі мамандандырылған соты интернетте заңсыз лотерея ұйымдастырған жергілікті тұрғынға айыппұл салды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Іс материалдарына сәйкес, ер адам 16 қаңтарда Instagram желісіндегі аккаунтында "Бизнес нөлден бастап" авторлық курсын алғандар арасында лотерея ойнататынын айтқан. Онда ұялы телефон, қолма-қол ақша және автокөлікке уәде беріп, төлемдерді қабылдау басталғаны туралы хабарландыру жариялаған. Алайда ұйымдастырушының лотерея операторы мәртебесі болмаған.



Оған Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 445-1 бабы "Лотерея операторы болып табылмайтын тұлғаның лотерея өткізуі" бойынша айып тағылды. Сотта оның кінәсі хаттамамен, әлеуметтік желідегі парақшасының скриншоттарымен және жол берілетін дәлел ретінде танылған басқа да материалдармен расталды.

Сот құқықбұзушылықтың бірінші рет жасалғанын ескеріп, сонымен қатар жауаптылықты ауырлататын мән-жайлардың жоқтығын мойындады. Ер адамға 825 720 теңге айыппұл салынды.

Еске салсақ, Instagram желіcінде лотерея ұйымдастырып, көлік ойнатқан блогерге айыппұл салынған еді. 

Қырмызы Скендирова
Сейсенбі, 27 Мамыр, 2025 16:48
Талқылау