"Телефонынан 152 хабарлама өшірілген": Атырауда белгісіз жағдайда көз жұмған оқушының анасы істің екінші рет жабылғанына наразы
Фото: Анаргүл Қасантаеваның жеке архиві мен сюжет кадрларынан
Атырау қаласы Ақжар ауылының 7-сынып оқушысы Сана Мерланның өліміне қатысы тергеліп жатқан іс осымен екінші рет сотқа жетпей жабылды. Марқұмның анасы Анаргүл Қасантаева әділдік іздеп, біраз жердің табалдырығын тоздырғанын жеткізді. Айтуынша, жалғыз ұлының соңғы сәттерінде әлдебіреулер оның телефонынан 152 хабарламаны өшірген. Бар дәлелдер ескерілмей отыр деген ана Stan.kz редакциясына мән-жайды айтып берді.
Марқұм белгісіз жағдайда суға батып мерт болған. Алайда анасы жалғыз ұлын жоғары сыныптағы оқушының суға итергеніне сенімді. Айтуынша, мұны сол күні олардың жанында болған Мерланның достары да растапты.
“Жалғыз ұлымыздан айырылып отырмыз. Бұл істі жауып қоя салмаймыз. Соңына дейін жетеміз. Өйткені ұлым суға батқаннан кейін сол жерде болған балалар оның киімін теп-тегіс етіп жинап қоған. Ал телефонынан дәл сол кезде 152 хабарлама өшірілген. Осы уақытқа дейін көптеген жерге барып әділдікті талап еттім. Алайда тергеушілердің әу бастан дұрыс тергемегені айдан анық”, – деді Мерланның анасы.
Осы уақытқа дейін Анаргүл Қасантаева баласының өліміне байланысты әділдік талап етіп жолға да шықты әкімдік пен органдардың табалдырығын да тоздырған.
“Сонда олар “келе бермеңіз, бәрібір күдікті бала сотталмайды” деді. 14 күні Астанадан істі қайта тергеуге бұйрық келді. Бірақ қаулы келе сала істі қайта жауып отыр. Қазіргі талабым баламды суға итергендер жауапқа тартылсын”, – деп қосты ол.
Осы іс бойынша Анаргүлдің адвокаты Мақсұт Төленбаевтың айтуынша, істі сотқа жеткізбейтіндей ешқандай негіз жоқ, дәлелдер жеткілікті.
“Қылмыстық істің құпияларын аша алмаймын. Дегенмен тергеу органдары 99-бап (қасақана кісі өлтіру) бойынша сотқа беруге қорқып отыр. Олар 104-бап (абайсызда кісі өлтіру) бойынша қарап, күдікті бала 14 жасқа толмағандықтан, істі қайта-қайта жауып тастап отыр. Бір рет тоқтатқан соң қалалық прокурорларға арыз жаздық. Олар қолдамады, облыстық прокуратура да қабылдамады. Сосын Бас прокуратураға шыққан кезде ғана олар істі қайта тергеу туралы бұйрықты облыстық департаментке жіберді. Алайда бұл жолы да іс қайта тоқтап отыр.
Қазір қала мен облыстың прокуратурасына арыз жаздық. Солардың жауабын күтіп отырмыз. Олардың жауабын алып, қанағаттанбасам республикаға, бас прокуратураға жазамыз. Керек болса, президентке дейін шығу ойда бар. Менің ойымша істі 99- баппен сотқа жіберуге болады. Қасақана кісі өлтірумен сотқа жіберуге болады. Себебі дәлелдер бар және жеткілікті деп есептеймін. Сондықтан сотқа жіберуіміз керек.
14 жасқа толмаған баланы қасақана кісі өлтіру бабымен сотқа беруге болады. Ал күдіктінің ата-анасына әрине сол істі жабар кезде баланың суға кеткені туралы уақытында хабарламағаны үшін азын-аулақ әкімшілік айыппұл салынды. Ары қарай күресеміз, көреміз”, – деді адвокат.
Stan.kz тілшісі осы іске байланысты Атырау қаласының облыстық прокуратурасынан пікір сұрады.
“Іс күдікті тұлғаның қылмыстық жауапкершілік жасына жетпеуіне байланысты 14.04.2025ж. қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабының 1-бөлігінің 2-тармағы (іс-әрекетте қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауы) бойынша өндірістен тоқтатылды (қысқартылды)”, – деді ведомство.
Еске салсақ, Атырау қаласы Ақжар ауылында 7-сынып оқушысы белгісіз жағдайда суға батып қаза тапты. Марқұмның отбасы бұл істе 13 жасар Мерланды жоғары сынып оқушысы қасақана итеріп жіберді деп күдіктенеді. Себебі Мерланды сол күні көргендердің бәрі анасына “10-сыныптағы оқушы оны суға итеріп жіберді, ұлыңызды іздемей-ақ қойыңыз” деп айтқан екен. Тергеуге шағымданып, жалғыз ұлынан айырылған ана шарасыздықтан өзіне қол жұмсамақ та болған еді. Кейін көшеге жолды жабамын деп ашынып шыққан ананы құқық қорғау қызметкерлері қол аяғынан ұстап көтеріп, оның айтқандарын тыңдамастан күшпен сүйреп шығарды.

Қазақта күйеу жігіт қайын жұртына иіліп сәлем салған – Этнограф
