Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

Ақтауда үлескерлер үй аламын деген үмітпен алаяқтардың қолына 6,5 миллирд теңге ұстатқан

Фото: Видеодан скрин

Екі бірдей құрылыс компаниясына алдандық деген ақтаулықтар баспаналы болу үшін алаяқ директорға 6,5 миллиард теңгені санап берген. Алаяқтарға алданған үлескерлер әкімдік алдына жиналып, әділдік талап етті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап хабарлайды. 

Баспаналы боламыз деп күтіп жүрген Ақтау тұрғындарының компанияға берген ақшасын қайтара алмай жүргеніне үш жылға жуық уақыт болды. Үйдің құрылысы аяқталады деген сүйінші хабарды күтіп жүргенде компания басшылары сотталып кеткен. Ал судья сотталушыға тек 200 миллион теңге өтемақы төлеуді міндеттеген. Жәбірленушілердің айтуынша, үй алу үшін компанияға санап берген қаражаттың мөлшері 200 миллионнан әлдеқайда көп. Алаяққа алданған үлескерлер әкімдік алдына жиналып, әділдікті талап етті.

“Осыдан үш жыл бұрын “Мұрагер” тұрғын үй кешенін тапсырып, кілт беру керек еді. Үш жылдан бері үш алаяқ директор біздің жалпы сомасы 6,5 миллиардқа жуық ақшаны талан-таражға салды. Үш алаяққа кеше жақында 6,5 жылдан үкім шықты”, – дейді ашынған үлескердің бірі Мансұр Ауданбаев.

Әкімдік алдына жиналғандардың арасында тағы бір тұрғын үйге ақша салғандар бар. Олар үйдің әр шаршы метріне 266 мың теңге төлегенін айтады. Алайда тұрғын үйдің іргесі қаланса да, әлі қабырғасы көтерілмеген.

“Ешқандай нәтиже жоқ. Үйдің бергі жағын салған. Арғы жағында тек фундамент тұр. Былайша айтқанда біздің үйіміз жоқ деген сөз. Ақшамыз түгел төленген, бірақ фундаменттен басқа дым да жоқ”, – дейді жәбірленуші Алмагүл Қарашолақова.



Алаяқтар салып береміз деген тұрғын үйдің кірпіші жартылай ғана қаланған. Ал қазір құрылысы мүлдем тоқтап тұр. Жұрттың жанайқайын тыңдауға келген қала әкімі көпшілікке басу айтып, тұрғын үйдің құрылысын басқа компания жалғастырады деп сендірді.

“Мемлекетке қарасты арнайы құзыретті органды ашу арқылы құрылысын аяқтайды. Арнайы ашылған құзыретті орган тапсырыс беруші болып, салатын құрылыс мекемесін, қаражатын анықтап, құрылысты аяқтап, тұрғындарға пәтерлерді береді”, – деп уәде берді Маңғыстау облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Тілеухан Мұстахин.

Бұған дейін құрылыс компаниясының бір пәтерді бірнеше үлескерге сатқаны туралы жазған едік. 

Айым Болатқызы
Жұма, 25 Сәуір, 2025 09:24
Талқылау