Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтауда сот полиция полковнигінің ұлына қатысты ақтау үкімінің күшін жойды

Маңғыстау облыстық сотында есірткі сатты деп айыпталған Батыс Қазақстан полиция департаменті басшысы орынбасарының ұлына қатысты облыстық прокуратураның арызы қаралды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі lada.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: Маңғыстау облыстық сотының баспасөз қызметі

Соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы прокуратураның өтінішін қарап, оны толығымен қанағаттандырып, алқабилердің ақтау үкімінің күшін жойды.

Қылмыстық іс жаңадан сот талқылауына жіберілді. Прокуратура сотталушының сот залында қамауға алынды деп хабарлады.

Еске салайық, 15 мамырда Ақтауда есірткі сатты деп айыпталған полиция полковнигінің ұлы ақталғанын жаздық. Іс Маңғыстау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында алқабилердің қатысуымен қаралды. 

Іс материалдарынан анықталғандай, сотталушы 2023 жылдың қазан айында Ақтауда Telegram мессенджері арқылы психотроптық заттарды таратпақ болған. Сотталушы 2023 жылдың қазан-қараша айлары аралығында сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында белгісіз тұлғамен алдын ала сөз байласу бойынша адамдар тобында қасақана бола отырып, "старший" деген бүркеншік атпен заңсыз түрде аса ірі мөлшерде психотроптық заттарды сақтаған. Сату және оларды "есірткі көмбесіне" орналастыру арқылы электронды ақпараттық ресурстармен таратқан.

Айыптаушы тараптың анықтамасына сәйкес, сотталушы өзінің қасақана, заңсыз әрекеттерімен Қылмыстық кодекстің 297-бабы 3-бөлігінің 1, 3, 5-тармақтары – "Заңсыз өндіру, қайта өңдеу, иемдену, есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу, беру немесе өткізу мақсатында сақтау, тасымалдау" бойынша сотталушыны мүлкін тәркілеумен он жылдан он бес жылға дейін бас бостандығынан айыру қаупі төнген.

Алайда 15 мамырда алқабилер алқасы жасырын дауыс беріп, сотталушыны қылмыс жасағаны үшін кінәлі емес деп танып, қылмыс жасауға қатысуының дәлелдемелері болмағаны үшін ақтап шықты.

Талқылау