Ақтауда мектептерге шабуыл жасалуы мүмкін деген ақпараттан кейін оқушылардың жартысынан көбі сабаққа келмей қалған
Фото: depositphotos.com
Ақтауда мектептерге шабуыл жасалуы мүмкін деген хабар тарағаннан кейін оқушылардың жартысынан көбі сабаққа келмей қалған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ата-аналар қауіпсіздік мақсатында балаларын үйлерінде қалдыруды жөн көрген.
Маңғыстау облыстық білім басқармасының мәліметінше, барлық мектептерде күзет бар, бейнебақылау камералары және дабыл түймелері жұмыс істейді. Жағдай толық бақылауда.
“2025 жылдың 9 қарашасында мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде жалған ақпарат таралып, Ақтау қаласының тұрғындарын алаңдатты. Осы факт бойынша құқық қорғау органдары жүргізген жедел іс-шаралар нәтижесінде ешқандай қауіптің жоқтығы анықталды. Қазір барлық білім беру ұйымдары қалыпты режимде жұмыс істеп тұр. 10 қарашада Ақтау қаласындағы мектептердің бірінші және екінші ауысымында 30 502 оқушы сабаққа қатысқан. Бұл жалпы оқушылар санының 43,1%-ын құрайды", – делінген хабарламада.
Еске салсақ, бұған дейін желіде Ақтау мектептеріне шабуыл жасау туралы хабарламалар тараған еді.