Ақтауда қойды шанаға салып алып сырғанағандар жұрттың ашуын туғызды (видео)
Әлеуметтік желіде белгісіз адамдардың қойды шанаға салып алып, сырғанаған видеосы тарады. Желі қолданушылары мұны жануарға көрсетілген мазақ деп санап, кінәлілерді жазалауды сұрады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
Видеодан шанаға тиелген қойдың қатты жылдамдықпен құлағанын көруге болады. Желіде тараған видеодан кейін қойды шанаға салып алып сырғанағандар анықталды. Маңғыстау облысының полиция департаменті желідегі ресми парақшасында қой иесінің кешірім сұраған видеосын жариялады. Оның айтуынша, қойдың жағдайы жақсы.
“Біз қойды жарнамалау мақсатында видео түсірген едік. Сол жерде қойды бір адамға сыйламақ болдық. Қойдың жағдайы жақсы, ешқандай жарақат алған жоқ. Оны қорлау ойымызда болған жоқ. Маңғыстау халқынан кешірім сұраймыз және мұндай жағдай енді қайталанбайды деп уәде береміз”, – дейді ер адам видеода.
Десе де, желі қолданушылары шанада отырып, сырғанаған адамның басқа, кешірім сұраған адамның мүлдем бөлек екенін айтады.
“Бұл сырғанамаса неге кешірім сұрап отыр”, “Бұл бала емес”, “Құрметті, полиция қызметкерлері, заңды бұзған басқа адам болса, кінәсіз адам жазаланып отыр ма? Әділдік қайда?”, “Мен бұл баланы танимын, өте тәртіпті азамат. Видеодағы басқа адам”, – деп пікір қалдырды желідегілер.