Ақтауда концерт барысында 200-ден астам бала адасып кеткен
Ақтауда өткен концертте полицияға 200-ден астам баланың адасып кеткені туралы хабарлама түскен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Маңғыстау облыстық полиция департаментінің мәліметінше, өңірдегі ірі мұнай компаниясының мерейтойына орай 30 тамыз күні теңіз жағалауындағы амфитеатрда концерт өткізілген. Республикаға танымал әнішілер өнер көрсеткен концертті тамашалауға барғандардың қатары көп болған. Іс-шараны көруге барған 200-ден астам баланың адасып қалғаны туралы полицейлерге хабарлама түскен.
"Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында іс-шараға 300-ге жуық полиция қызметкері жұмылдырылды. Балалардың жоғалғаны туралы келіп түскен өтініштердің жалпы саны – 200. Адасып кеткен балалардың ең кішісі 3-те, үлкені 15 жаста болды. Олардың барлығы табылып, ат-аналарына аман-сау тапсырылды. Ауа райының салқындауына байланысты жеткіншектер тоңып қалмау үшін автобуспен жақын маңдағы учаскелік полиция бөліміне жеткізілді. Балаларды іздеп, табу 15 минуттан 1 сағатқа дейінгі уақытты алды", – делінген хабарламада.