Ақтауда газ тапшылығынан жанармай құю бекеттерінде бірнеше шақырымдық кезек пайда болды
Фото: Ашық дереккөзден
Ақтауда жүргізушілер тағы да автогаз құю бекеттерінде газ үшін сағаттап кезекте тұрғандарын айтып шағымданды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Lada.kz басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Желіде тараған видеолардан бірнеше шақырымға созылған кезекті көруге болады. Кезек күткен жүргізушілердің бірі таңғы сағат 07:30 жанармай бекеті ашылмай тұрып келсе де, кезек болғанын, уақыт өте кезектегі көліктердің көбейіп кеткенін айтады.
“Бұл жолы шенеуніктер қандай сылтау айтар екен? Қазір туристер де көп емес, бар газымызды тауысып тастайтындай, маусым әлдеқашан бітті”, – деп ашуланды ер адам.
Маңғыстау облысының кәсіпкерлік және сауда басқармасы жағдайға пікір білдірді. Басқарманың мәліметінше, өңір елдегі сұйытылған газды ең көп тұтынатын аймақтардың бір. Ай сайынғы тұтыну көлемі өңірде 18 000 тоннаға жетеді.
Газдың негізгі бөлігі Маңғыстау облысындағы Қазақ газ өңдеу зауытынан жеткізіліп, ал жетіспейтін көлемі Атыраудағы зауыттан алынады екен. Қазан айында Атырау зауытында жоспарлы жөндеу жұмыстарына байланысты қажетті 3 658 тонна газ Ақтөбе зауытынан әкелінетін көрінеді.
“Бұған дейін Атырау зауытынан өнім автокөлікпен жеткізілсе, Ақтөбе зауытынан теміржол арқылы әкелінеді. Сол себепті өнімді өңірге жеткізу уақыты біраз ұзарды”, – делінген басқарманың хабарламасында.
Сол себепті қазан айында сұйытылған газдың тәуліктік жеткізілу көлемі төмендеп, кейбір автогаз құю бекеттерінде көлік кезектері жалғаса бермек.
Атырау зауытындағы жөндеу жұмыстары қазан айының соңында аяқталатыны хабарланды. 1 қарашадан бастап облысқа сұйытылған газ жеткізу толықтай бұрынғы қалыпты режиміне оралады.
Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда көліктерге газ орнатуға тыйым салу ұсынылған еді.

"Неге сонша нақұрыс болдыңдар": Желіде қазақтарды "құлдар" деп қорлаған әйелге шағым түсті
