Ақтауда баланы екеулеп қуған полицейлер түсірілген видео жұртты ашуландырды
Ақтауда тәртіп сақшылары карантин талаптарын сақтамаған ата-аналар мен балаларды бірнеше рет ПД бөліміне алып кеткен, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Маңғыстау облысының полиция бөлімшесіне қаладағы 33 ықшам ауданында балалардың карантин талаптарын бұзып, ата-аналардың қарауынсыз ойнап жүргені туралы хабар келіп түсіпті.
Осыған орай кәмелетке толмаған балалар ісіне жауапты инспектор, учаскелік инспекторлар, полицейлер бірігіп, қалада профилактикалық шаралар жүргізіпті.
Алайды олардың сөздерін балалар да, ересектер құлақтарына аспаған көрінеді.
"Ескертулерді тыңдамағаны үшін тағы да рейд жұмыстары жүргізілді. Бұл жолы балалар мен олардың ата-аналарын полиция бөлімшесіне алып барып, әкімшілік жауапкершіліктің тағайындалатын атап өтіп, профилактикалық әңгіме жүргізілді", - дейді Маңғыстау облысының ПД өкілдері.
Бұған дейін әлеуметтік желі қолданушылары полицейден бас сауғалап қашқан бала түсірілген видеоны қызу талқылаған болатын. Біреулер балаларды сонша қуғаны несі деп тәртіп сақшыларын айыптаса, басқалары полицейлердің ісіне түсіністікпен қарап, әйтпесе карантин ережелері сақталмайды деп айтыпты.
Еске салайық Қазақстандағы ТЖ режимі бірінші мамырға дейін созылған болатын.